Ербол Бейілхан. «Күзбенен қоштасу»
Қара суға қаймақ түсті, қараша ауыл қи жақты,
Боз қырауға бозайғырдай аунап түсіп қыр жатты.
Қайтқан қаздың қаңқылынан келе-келе бұлт үркіп,
Қоңыр аңды жота-жонды аппақ ұлпа қар жапты.
Аппақ қарға, аппақ болып салар ертең құр ойнақ,
Жолаушыны жүргізбейді пыр-пыр ұшып шіл ойнап!..
Күп-күрең боп, алма-кезек күреседі күз бен қыс,
Тәкаппарлау таутекенің мүйізінде күн аунап...
Қайтқан құспен жоннан үркіп, ойға түстің, Қараша,
Жапырағың тоналған күз жаныңа кім араша?..
Қоштаса алмай біз секілді жылай-жылай жүдеген,
Үйір-үйір бұлттар көшкен, күз аспаны аласа ә!..