Ербол Бейілхан. «Мұңаймаңызшы, жүрек, сіз»
Мазасыз бұлттар маңады,
Тиянағы жоқ, тірексіз.
Мөлдіреп бота жанары,
Жыламаңызшы, жүрек, Сіз.
Арқаның керім самалы,
Ақ селеу толқын - ақ теңіз.
Шұғыла төксе таң әні,
Жанымыз жұпар баққа егіз.
Жасыл түс ауса жиренге,
Құс әні қалған Күз шығар.
Күп-күрең ұяң сиренге,
Сырын шертеді қыз - шынар.
Қазбауыр бұлттар көшеді,
Тіреу жоқ Аспан, тиексіз.
Кеудеме қонған көшелі,
Мұңаймаңызшы, жүрек, Сіз!