Тіршілік қой әйтеуір...
«Тіршілік қой әйтеуір...» деген бір фраза арқылы тіршіліктің бар кереметін жойып жіберетіндейміз.
8-сынып оқып жүргенімде, есімде. Күн шыжып тұр. Әкем есік алдына құбыршекпен (шланг) су сеуіп жүр, анам болса сол күннің ыстығына бой бермей, картоптардың шырмауығын тазалап отыр. Ол картоптың майда-майда піскенінде-ақ қазып алып, қаймақ майға қуырып жеп алушы едік. Бірақ, әңгіме ол жайында емес. Сомен, бәріміз, біз жетіміз, сыртта кіріп-шығып тіршілігімізді жасап жүрміз. Аула суғарып, есік алдын сыпырып, біреуі ойнап, біреуі төбелесіп, біреуі өз алдына жерге аунап, шаң болып, оған анам ұрсып... Үйге күтпеген қонақ келді. Ал, анам бәрімізді жұмсасын келіп алып, сен шәй қой, сен көрпе сал, сен қасық, сен май... Шауып жүрміз. Қазір ғой, жаз келсе «балалардың демалысы келді, лагерьге жіберейік, шетелге апарайық, ойын алаңдарына апарайық, бассейнге апарайық» деп еркелететіні. Бізді, осы бұрын, бар еркелеткендері «қызынан, қызынан» деп бір екі рет айтып, ары қарай «ы-ы-ы» деп үш әріп айтса, тұяқ біткендей ары бері шауып, мәз болып шаттанушы едік. Одан соң "еркелеп кетті мына қыз" деп, есесін екі есе қайтарып ұрсатындары бар еді. Жүрегі жаралы баланың әңгімесі емес, жәй, ол рас болған жайттар. Сол қонақ енді, деп, қонаққа әңгімені қайта алып келейін. Бұрын соңды көрмегенбіз, бәріміз таңырқап, былай өткенде бір қараймыз, қайтар жолда бақырайып тағы қараймыз. Барынша білгіміз келіп, қай туысымызға, қай көршіге ұқсатарымызды білмей жүрміз. Отыр. Ешкім ол апаймен сөйлесіп жатқан жоқ. Әкем де сыртқа шығып кеткен, әйтеуір бір үйде сұр атмосфера. Анам да ешкімге сөйлемейді. Жұмыртқа қуырып, үн-түнсіз. Мен де бір шикілікті сезіп жүрмін. Сұрай да алмаймыз, анам мен әкем ашулы кезінде, оларды мазалауды жөн көрмейтін ақылды бала болыппыз. Сомен, дастархан жайып отырмыз. Біз, әлгі, шәй ішетін орта бөлме жаққа бармаймыз, қонақ келгенде. Сол тұста әкем сыртта қолында кішкентай нәресте бар, жанында жиырма, жиырма бес жасар қыз бар, кіріп жайғасты. Шәй құю процессі басталды, самаурыннан шылдырлап аққан су да естіліп тұрған тыныштық үйде. Құпиясы неде екен? Мына әйел кім, жас қыз кім, нәресте кім? Олар не үшін келді? Бізді неге ұнатпай отыр? Бұл сұрақтар бәрімізді ойландырып жүр. Анамның кесе сұратқан дауысы шықты, "әңгіменің бір ұшын болсын еститін болдым, бір жерін естісем қалғанын түсініп аламын" деген ой мені қуантып тұр. Дереу алып бара қойдым, сұратқанын. «Иә, Л., не жаңалық» деген сұрақтың үстінен түстім. Анама қараймын, сондағы анамның кесесін ұсынып тұрып берген жауабы – «тіршілік қой әйтеуір...»
Мен ол кезде сөздерінің астыртын түсінбеппін. «Дұрыс, тіршілік қой» деп ойлаған шығармын, ары кетсе. Бірақ, ол жай тіршілік емес еді, әйтеуір тіршілік, амалы жоқ бос тіршілік, қайнаған ыстық тіршілік, қызығы жоқ шаршатқан тіршілік еді. Анамның неге тіршілігінің «әйтеуір» болғанын, ол әйелдің әкемнің бірінші әйелі болғанын, екіншісі қызы, қолындағысы немересі екенін кейіннен түсіндім. Анамның тіршілігінің «әйтеуір» болғаны қынжылтса да, жүрегінің соншалықты кең, сабырлы, ақылды әйел болғаны жұбатты.
Автор: Саба Лақ