Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Өмірлік жарыммен мені алғаш рет достарым таныстырған. Есімі ерекше аруға бір көргеннен ғашық болғанымды жасырмаймын. Бақтылымен таныстықтан кейін қалай тез тіл табысып кеткенім есімде жоқ. Әйтеуір бір-бірімізді ұнатып, небәрі үш айдың ішінде отау құрдық. Ұсынысты айтқанымда аса қиналған жоқпын. Себебі оның да мен де көңілі барын білдім. Тойымыз 6 қараша күні өткен. Сол күні алғашқы қар жылдағыдан ерте түсті. Оны әрине жақсылыққа баладық. Тойдың сценарийін асабаға тастай қылып өзім жазып бердім. Асаба өзі қызықтау адам екен, тойға келген қонақтардың бас-аяғын жинамай, оның үстіне бізді яғни тойдың басты кейіпкерлерін мейрамханаға шақыруды ұмытып, жұртты күттіріп 10 минуттай «Той жырын» салып қойғаны бар. Бірақ оның бұл кемшілігін жұрт байқамады, себебі көпшілік бізді әлі мейрамханаға келмеді деп ойласа керек... Бір қызығы бұл кісінің әкесі - менің нағашыммен, атасы - менің атаммен, арғы атасы - әкемнің ағасымен аттас.
Оны ұнатып, махаббат шарабына мас болып жүргенімде біршама өлеңдер жазғаным есімде. Өзім ақын емеспін. Бірақ жүректен шыққан туындыларымды оқып өзім қайран қалғанмын. Бәлкім оның жүрегін жаулап алғаным содан болар. Өлеңде менің шынайылығым мен көңіліме тәнті болған шығар деген ойға қаламын қазір. Бірақ бибіні (әйел затын осылай атаймын) өзіне қарату кезінде жігіттер аса жауапкершілік пен біраз қуатын шығындайды. Бұл – жалпы табиғаттағы еркек атаулыға тән бір тылсым болса керек. Тіпті айуан да аналықты өзіне қаратуға барын салады емес пе. Сондай бір дәурен болмаса жұбайлық өмірдің түбі шикі болуы кәдік. Әйел заты үнемі нәзіктікті, өзіне назар аударғанын қалайды. Сондай-ақ қандай әйел болмасын ерінен сыйлық күтеді. Мен жарыма әдетте гүл сыйлаймын және қосымша ақша беретінім бар. Өйткені сол ақшаға зат сатып алсам көңілінен шықпай қала ма деп қорқамын. Бақтылы өте ақкөңіл әрі еңбекқор. Өз ісіне барын салады. Арамдық пен арамзалықты иттің етінен жек көреді. Өзін сыйлатуға тырысады. Ал сұлулығы өз алдына. Қызғанады, кейде сұрағыштайды. Сондай сәттерде мен үндемей, қызғанғанын жақтырмаған сыңай танытатыным бар. Алайда оның маған деген сенімі қызғанышын басып тастайды. Дегенмен оны аса қызғаншақ деп айта алмаймын. Қызғаншақтық – рухани ауру ғой.
Негізінен қазақ жанұяларында міндет бөлісілген ғой: еркек ақша табады да, үйге келгесін шалжыйып жату керек, әйел үйдің шаруасын істейді дегендей. Бірақ бибім «еркектің жолауы – жаман ырым» - деп мені қазан-ошаққа жолатпайды. Жасыратыны жоқ, жылына бір рет палау істейтінім бар... Бірақ екеуміз де табысты бірдей тауып, ортаға саламыз және бір-бірімізге мұны ешқашан міндетсінген емеспіз. Негізінен сыртқы ортаға жататын жұмыстар менің мойнымда, коммуналдық шаруашылықтарға ақы төлеу, дүкен-базар аралату...бірақ азықтың бәрін өзі таңдайды, менікі – жүкшілік жұмыс. Өз басым бибінің сыртқы жұмысқа араласуы еркек үшін кейін жақсы болмайды, әйел ортада белсеніп кетсе, азаматтың абыройы азая бастайды деп ойлаймын.
Бүгінде асыл жарым екеуміз бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Қызымнан үш жиенім бар. Ал ұлымыз жиырмаға енді толды. Жалпы отбасы құндылығы жанұя мүшелеріне бірігіп өмір сүрудің барынша қызықтылығымен өлшенеді. Ондай жанұя кез келген нәрсені қызық көріп, бірігіп өмір кешеді. Құндылық қызық пен қиындықты бастан өткізе білу кезінде қалыптасады. Сол үдерісте әркім өз орнын табады, өз рөлін орнықтырады. Құндылық әр жанұяның қалыптасқан өз салтымен өлшенеді. Ондай қалыптаспаса – құндылық жоқ, жанұя жай ғана бірігіп тамақ ішетін ошақ басы болып қалады.
Жазып алған Айнұр ОҢҒАРБАЕВА