Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол (Мұхит Әлі жайлы)
Алаулы шақта Ақиқат сырын сан ұқтым,
Шуағын төгер, жүректе болса - Жарық Күн.
Елім деп өткен еңсесі биік ерлердің,
Еңсерген ісі есінен кетпес халықтың.
Темірғали Көпбай
Жаратқар Ием 2020 жылы жұмырбасты пендеге (Алла Тағалаға не жазып қалғанымызға қайдам?) ой мен мұңның, қасірет пен қайғыны салудай-ақ салып бағуда. Алланың қалауы болар...
Сондай алмағайып сәттердің бірінде өткен жылдың төртінші шілдесінде таңғы сағат 8-ден өте телефон шылдырап сала берді.
Неге екені қайдам, жүрегім қобалжығандай болды... «Жәпелддемеде орынсыз мазалауды қаламайтын жанмын. Жайшылық болса жарады?...» деген оймен ұялымды қостым. «Аға, Мұхит ініңізден айрылып қалдық» деп, егілген ер азаматтың даусы есітілді. Бұл – Мырзахан інім болатын. Қайран да ғана менің бауырым-ай! Өлімге қиятын жан ба едің сен, қарағым-ау? Беу дүние-ай, жалған десе жалған екен-ау, мына жалған дүрие! Ата-бабамыз қалай тауып айтқан. Әттең демеске амал жоқ. Кенеттен келген сұм ажал арамыздан сүйікті інімді, жайсаң жанды алып кетті. Мұндай қаза жүректі тілгілеп, ой-сананаңды сансыратып, жаныңды жаныштап жіберетіні әмбеге аян.
Мұхиттан көз жазып қалдық деген суық хабар осындай шарасыз күйге түсіріп, оның жарқын бейнесін қайта-қайта жадыма келтіріп, қайғы бұлты қаусырып алған осындай сәтті кім күткен? Өлшеусіз жан күйігін тудырған бұл қазаға да жылға жақындапты-ау. Аққан жұлдыздай сырғыған, қайран уақыт.
«Өлді деуге сыймайтын» жан тазалығы, тұла бойынан көрініп тұратын, қарапайым еңбекші ретінде де, басшылық қызметінде де қолының тазалығымен де, адамгершілік ізгі қасиетімен де өзгелерге үлгі боларлық жан еді.
Ініммен соңғы кездескенімізде ( қайдан білейін соңғы кездесуіміз екенін) мен: «Мұхитжан, хәкім Абай айтпақшы, адам өлмек үшін туылады. Құдайдың бергеніне шүкір, маған ұзақ та мағынылы өмір сыйлады. Өзекті жанға... Олай-бұлай болып кетсем, менің балаларыма бас-көз болып, сөз жәрдеміңді берерсің, қарағым», - дегенімде, ол маған күлімсірей көз тастап: «Аға, Қапал батыр бабаңызға жолығуға асықпаңыз. Сіз бізге керексіз. Жаратқан бергенінен танбасын», - деген еді, мені жаманжыққа қимай. Шеттей, қабырғасы әлі қата қоймаған, оңы мен солын әлі танымаған ұл-қыздарыңды қиып, өзің неге асықтың екен?... Қайран, бауырым-ай, неге?...
Кешіреріңіз Жаратқан, Сіздің адамға өлшеп берген аманатыңызға қиянат жасамайын... Өзіңізге де жақсы пенделеріңіз керек болған шығар. Қайдан білейін?...
Өзімнің соңғы сапарымды аманаттаған ініме хоштасу естелік жазамын деп кім ойлаған? Кім?...Кейде жақсы жандар арамызда жүргенде мына өмірден өтпейтіндей, о дүнеге ешқашан кетпейтіндей көретініміз бар. Пендеміз ғой... Пендеміз...
Әлиев Мұхит Оралбайұлы 1952 жылғы мамыр айының 11-жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының Аққұм аулында дүниеге келді. Ата-анасынан ерте айрылған бала Мұхит өзінің есею-қалыптасу жолдарында тоқсан тарау тіршіліктің тауқыметін де, қиыншылығын да көп тартты. Оның бойындағы өмірге деген құштарлық, нұрлы күндерге деген үлкен сенім, ішкі рухани дүниенің кіршіксіз тазалығы өмір өткелінде айта қаларлықтай аброй-атаққа жеткізді. Ол қайнаған еңбектің ортасында жүріп, қарапайым еңбектің қадір-қасиетін жастайынан біліп өсті. Өз уақытында адал да қастерлі еңбегінің арқасында дүйім елдің ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленген тұлғалы азаматтарының бірі болдды.
Ол бозбала кезінде бірнеше жыл құрылыс саласында қара жұмыс атқарды. Бұл жылдары ол қарапайым еңбек адамының қадір-қасиетін тереңірек таныды. Қоғамды дамытудың іргетасы осы қарапайым жандар екендігіне көзі жетті. Өмірінің соңына дейін қарапайым еңбек адамдарына төрінен орын беріп, құрметтеумен өтті.
1975 жылы «әскер қатарынан оралғаннан кейін де Шымкент фосфор өндірістік бірстігнде бірнеше жыл қатарынан қалтқысыз еңбеке етті.
1980 жылы Шымкент қаласындағы автомеханикалық техникумды тәмәмдағаннан соң облыстық жүк тасымалдау кәсіпорында жауапты қызмет атқарды. 1990 жылы осы кәсіпорынның директоры болып тағайындалды.
Жоғары білім алу мақсатында Қазақ химия технолдогиялық институтқа түсіп, оны 1992 жылы бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шықты. Осы жылы Шымкент жолаушылар тасымалдау өндірістік бірлестігі кәсіпорны бастығының орынбасары болып бекітілді.
1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар тасымалдау өндірістік бірлестігінің Бас директоры болып тағайындалды.
Ал 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі жанындағы транспорт департаментінің бастығы, 1999 жылы Шымкент қалалық әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2001 жылы «Орда» ЖШС басқармасының төрағасы болып тағайындалды. 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының, ал 2006 жылы Төле би ауданының әкімі болып тағайындалса, осы жылы Сайрам ауданының әкімі етіп ауыстырылды. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің кеңесшісі болды.
Көріп отырғандай, Мұхит Оралбайұлы да май асап, жілік мүжитін жерлерде, яғни бұлақ басында отырғанын байқаймыз. Қай тізгінді ұстаса да бұлақ басын былғамаған. Төмендегілерге лай су ұрттатпаған, сондықтан қара халықтың зерлі шапанын жамылып, құрметіне бөленді.
2006-2010 жылдар аралығында Сайрам ауданының әкімі қызметінде жүргенде Мұхит Оралбайұлы «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарлама аясында Фурхат, Ш.Уалиханов, Достық мектептерінің құрылысын жүргізілуіне ықпал етті. Заман талабына сай биік те жарық ғимараттар бой көтерді. Сондай-ақ облыстық бюджеттен қаржы бөлдіріп, аудандағы үш ауысымда оқитын алты мектептің мәселесін шешіп, мұғалімдер мен ел тұрғындарының алғысына бөленді.
2005-2010 жлдары «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаржыландыру мәселесін шешіп, 8 елді мекенге ауыз су жүйелері жүргізілді. 28 елді мекендгеі ескі су жүйелері жөндеуден өткізіліп, нәтижесінде ауыл тұрғындары тәулік бойына таза сумен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, Мұхит Әлиұлының тікелей басшылығының арқасында 2009 жылы Тассай ауыл округіндегі Достық елді мекеніні, Қарасу ауыл округіне қарасты Әитеке би мен Ынтымақ елді мекендері және Жұлдыз ауыл округіндегі Бадам-2 елді мекендері табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бұл кейіпкеріміздің халық үшін жасаған еңбегнің бір парасы ғана. Айта берсек шағын мақаланың көлемі көтермесі анық.
«Табалдырықтан асқан тау жоқ, туған жерден биік тұңыр жоқ» деп бекер айтпаған ғой бұрынғылар. Кіндік қаны тамған жерін, елі мен ауыл-аймағын сүйген Мұхит бауырымыз Төле би ауданында әкім болып тұрған кезде Аққұмға асфальт төселді. Күзді-қысқы баттасқан балшықты, көктемгі-жазғы бұрқыраған шаңды жолдан әбден ығыр болған ауыл адамдарының тыныстары кеңіп сала берді. Меңгерікте (рульде) отырғандардың қошеметіне иеленнді. Жыл өтер-өтпесте ауылға табиғи газ келді. Суық түсе қара-күйелеші шығып, ошаққа от жағып, күл шығарудан қолы тимейтін қыз-кліншектердің алғысына бөленді. Ауылға еңселі мешіт салып ауыл ақсақалдарының батасын алды.
Ауылдың екі көшесіне еккен егістері мен бау-бақшасын суғаратын су жетіспейтін. Ол Тоғыс өзеніне канал салдырып, су жеткізді. Бүгінде екі көше гүлге оранып, жеміс-жидек самсып тұр. Осы жетістіктің бәрі ауылдан шыққан бір азаматтың, Мұхиттың еңбегінің жемісі десем қателеспеймін.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі». Кіндік қаны тамған топырақты кие санап құрметтеу әрқайсымызға тән қасиет. Қара орманым қазағым дейтін, солардың бақыты үшін өзін құрбандыққа бас тігетін, біреудің ала жібін аттауды білмейтін, мына қызығы мен қасіреті қатар жүретін дүние жалғанның күнгейін де, көлеңкесін де сабармен қарап, ойын жұптап, сөзін екшеп айтуды дағдысына айналдырған Мұхит інімнің сұлу да кісілік келбеті көз алдымда. Менің түсінуімше, сұлулық деген ақыл-ой мен кісілік қана. Басқа емес. Мен соған ғана тәу етемін. Қазақтың да әу бастағы тәу еткен рухани қағбасы сол болатын.
Бір басқосуда Мұхит: «Филосф-ақын Шәкәрімнің адамзатқа қойған бес сауалы бар. 1.Кімбіз? 2. Қайдан келдік? Алла адамда жаратқандағы мақсаты не? Ең жақсы адам не қылған адам? Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?» деген.
Шынында да біз кімбіз? Ата-бабамыз кім болған? Сон-а-а-у Алтайдан Атырауға дейін ұланғайыр сайын даланы мекендеген ұлы халықтың бір тармағы болған Қапал руының тарихын білеміз бе?... Жоқ!...Қайдан?...Ал өткенін білмеген, одан тағлым алмаған халықтың ертеңі бұлыңғыр екені белгілі.Сондықтан бүгінгі біздердің міндетіміз шыққан тегімізді түгендеп, хатқа түсірейік. Содан өскелең ұрпақ тәлім алып, темірқазық етсін. Ата-бабаларымыздың ерлік істерінен өнеге алып, намысы оянып, рухы көтерілсін» , - деді.
Оның бұл пәтуәлі сөзін баршамыз хош көрдік. Жұмыс жоспары түзіліп, идея авторын «Қапал батыр» қоғамдық Қорының президенті етіп бір ауыздан сайладық.
«Қапал батыр» қоғамдық Қорының Президентінің бастауымен батыр баба ұрпақтары бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылының іргесіндегі Күреңбел деген үстіртте бабаның зиратына барып, құран бағыштады және әрлеу, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп қайтты. Бұл күнде бұл үрдіс үнемі қайталап отыру әдетке айналған.
Көп жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесінде Қапал баба жайында тарихи деректерді Қадырғали би Қосымұлы Жалаиридің, «Жылнамалар жинағынан», Ш.Уалихановтың «Жоңғария очерктері», Және Л.Н. Гумилевтың тарихи зерттеулерінен бабамыздың еліміз бен жерімізге көз алартқан жауға жасаған ерлік істері жөнінде мағлұматтар жиналды.
Шын мәнінде осынау жүзеге асқан қыруар істің басы-қасында Мұхит бауырымыздың бел шешіп жүргенінің арқасы дер едім.
«Тас түскен жеріне ауыр» дейді дана халық. Осынау орны толмас қайғы Мұхит бауырымыздың отбасына, жұбайы Айгерімді, Хансұлтан бастаған балаларын, жайсан жүрегін жадыратқан қыздары Томирис пен Әдеміні қалай жұбатудың лажын табар емеспіз. Әсіресе сүйіктісі Әдемінің: «Әкем қайда? Қашан келеді? Мен оны сағындым», дегенін құлағымыз шалғанда ет жүрегіміз езіліп, көзіне жас алмаған жан болсайшы.
Қанша биікке көтерілсе де, еш дүниеге қызықпаған, қарапайымдылығы, арттағыға қол созған жомарттығы, азаматтығы мен адамгершілігі ғана емес, оның халық үшін атқарған еңбегі ұрпақтары, сендерге үлг-өнеге дер едім.
«Қымбатты келінім Айгерім, сізді қалай жұбатарымды білмей далмын. Айтар сөзім жоқ. Өте ауыр екенін білемін... Алайда қазақта мынадай тәмсіл бар, қарағым «Уайым түбі тұңғиық батасың да кетесін» деген, енді қайғыра бермей, беліңізді бекем буып, анау желқілдеп өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңыздың жарқын болашағы үшін, МҰХИТТЫҢ өшпес рухы үшін өзіңізді сақтаңыз! Мұхит сынды бауырымның кіп-кішкентай ұрпақтары, ӘКЕЛЕРІҢ армандағандай азамат болыңдар! » демекшіміз. Басқаша болуы мүмкін емес, өйткені сендер текті әулеттің, жақсы әкенің ұрпақтарысыңдар, қарақтарым!
Бегман ЫСҚАҚ