Мейірбике—мейірімділіктің белгісі

Oinet.kz 23-03-2019 1548

Screenshot_26.jpg

Осы мамандық иелерін даярлайтын «Авиценна» колледжінде өнеге болар тірлік көп

Медбике, мейірбике… Ол әрбір адам үшін қастерлі және жанына ең жақын мамандық иесі. Олар дәрігердің сенімді серігі ғана емес, дәрігер мен науқас арасындағы дәнекер. Мейірбике дегенде, аты айтып тұрғандай, жүзінен мейірім шуағы төгілген,  көмек қажет еткен науқастың тағдырына араша түсуге даяр тұратын жан елестейді. Оның тек ем-домы ғана емес, аялы алақаны, жылы қарым-қатынасы да науқасқа қуат берері анық.  «Дәрігер алдымен сөзімен емдейді» дейді. Дәл осы сөз мейірбикелерге арнап айтылғандай. «Ақ халатты абзал жандар» деген теңеу де алдымен осы кәсіптің иелеріне бағышталғандай.  

Қоғамның, емделушілердің талабын қанағаттандыратын, бойына кәсіби ғана емес адамгершілік қасиеттерді сіңірген, бар өмірін, күш-жігерін осы салаға арнаған мейірбике даярлау ісі ең жауапты міндеттердің бірі саналады. Осы салмағы ауыр жүкті арқалаған Шымкенттегі «Авиценна» колледжі бүгінде заман талабына сай жұмыс істеп, жыл сайын жүздеген мамандарды түлетіп отыр.  

2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан оқу орны білім беруді мерзімі шектеусіз мемлекеттік лицензия негізінде жүргізеді.  Іскерлігімен танылған Ахмет Үсібалиев басқарып келе жатқан колледж  2009 жылы мемлекеттік аттестациядан да өз дәрежесінде өтті. 

 Жасыратыны жоқ, әдетте жекеменшік оқу орындарында даярланатын мейірбикелердің біліктілігі төмен деген пікір қалыптасып кеткен. 

--Бұл пікірмен келісуге болмайды. Оқу орындары арасында бәсекелестік күшейіп, оның үстіне маман даярлау ісіне Білім және ғылым министрлігі тарапынан қатаң талап қойылып отырған заманда бұлай деп айтуға негіз жоқ. Колледж ұжымы өзіне қойылған талаптың үдесінен шығып, халықаралық стандартқа сай орта буынды медицина мамандарын даярлап келеді. Әрине, ашылғанына бар-жоғы жеті жыл болған колледжді 80-90 жылдық тарихы бар оқу орындарымен салыстыруға болмас. Бірақ бізде даму, өркендеу бар. Жыл санап колледждің абыройы өсіп, талапкерлердің оған деген сенімі нығайып келеді. Мұның бәрі де үздіксіз ізденістің нәтижесі. Қазіргі міндет Елбасы Жолдауында айрықша айтылғандай талабы сапалы, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Бұл орайда ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Мәселен, осы колледжді бітірген түлектердің ішінде  грант иегері атанып, жоғары білім алу үшін Алматыдағы Санжар Асфандияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне оқуға түскендер де жетерлік. Бұл колледждегі білім сапасының ойдағыдай екеніне дәлел болса керек. Жыл сайын оқу ордасын 700-ден астам маман бітіріп шықса, соның 80 пайыздан астамы өз мамандығына сай жұмысқа тұрады. Олардың барлығы да облыстағы түрлі деңгейдегі емдеу мекемелерінде халыққа қызмет етіп жүр. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш,--дейді колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері Лейля Өтегенқызы. 

  Алдымен оқу орнының материалдық-техникалық  базасы туралы айтсақ. Колледждің заман талабына сай ғимараты бар. Студенттерге 200 орындық мәжіліс залы, екі медпункт кабинеті, спорт залы, 120 орындық асхана қызмет етеді. Оқу сабақтарын өткізуге арналған 89 дәрісхана бар. Бұлардың барлығы да мемлекеттік стандарттардың талабына сай жабдықталған. Жаңа технология бойынша 3 компьютерлік кабинет мультимедиялық және интерактивтік тақтамен жабдықталған. Оқу процесінде электронды оқулықтар мен интернет жүйесі белсенді түрде қолданылады.  

Колледж бүгінде жеті мамандық бойынша орта буынды медицина қызметкерлерін даярлайды, атап айтқанда «Емдеу ісі», «Медбикелік ісі», «Фармация», «Күту бойынша кіші мейірбике», «Гигиена және эпидемология», «Стоматология» және «Лабораториялық диагностика. Студенттерге дәріс беретін оқытушылар құрамында ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары мен доценттер бар. Сонымен қатар, сабақ беруге білікті дәрігерлер де шақырылады. Колледж оқытушылары аудан, облыс және республика көлемінде өткізілген сайыстар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Бұларың арасында Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім департаментінің грамоталары мен Алғыс хаттарымен және жоғары мемлекеттік наградалармен мараптталғандары да жетерлік.

Оқу процесі кезінде студенттердің өз кәсібін жетік меңгеру үшін іс-тәжірибеге де баса көңіл бөлінген. Осы мақсатта колледж Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасымен келісім-шарт негізінде бірлесе жұмыс атқарады. Машықтану сабақтары аталған клиниканың тәжірибесі мол мамандарымен жүргізіледі. Колледжде сондай-ақ, мүгедек оқушылардың жай-күйіне де назар аударылған.  Олар тұрақты дәрігерлік бақылауға алынып, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі, бұдан бөлек төлемақыларына жеңілдіктер қарастырылған.

Оқу орнының сабақтан тыс өмірі де қызу. Айталық, республикадағы колледждер арасында құрылған бірден-бір көңілді тапқырлар клубы (КВН) командасы осы оқу орнында.  «Авиценна» командасы бұған дейін бірнеше республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз болған. Жақында команда көңілді тапқырлар клубының премьер лигасының чемпионы атанып, енді жоғары лиганың жартылай финалында бақ сынауға Астанаға аттанып бара жатыр.

 --Колледжде Елбасы тапсырмасына сәйкес  саламатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Өйткені  денсаулық сақтау саласының маманы науқасты емдеуші ғана емес, саламатты өмір салтын насихаттаушысы болуы тиіс емес пе? Осы мақсатта оқу орнындағы спорт алаңдары мен спорт залы талаптарға сай жарақталды.  Бірнеше үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істеуде. Олардың жұмыс жоспары жыл басында бекітіліп қойылады. Колледж студенттері мен оқытушылары арасында спорттық бәсекелерде жеңіске жеткен, жүлделі орын алғандары да көп. Мәселен биылдың өзінде колледж командасы 23 орта оқу орны  бақ сынасқан жарыста волейболдан бірінші орынды алды. Студенттерді спортқа баулитын оқытушыларымыз арасында Нұралы Сапаров қол күресінен спорт шебері. Азия чемпионатында екінші орынды, Азия кубогында бірінші орынды және Швейцарияда өткен халықаралық жарыста бірінші орын алған. Оразбек Атамбаев облыстық волейбол командасында өнер көрсетіп, республикалық жарыста екінші орын алды. Қуаныш Оспанқұл кикбокстен республикалық жарыста бірінші орын алды,--дейді колледждегі Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі, «Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі» Кеңес Үмбеталиев.

Колледж ұжымы алдымен еліміздің жарқын болашағы үшін, денсаулық сақтау саласында талмай еңбек ететін мамандарды даярлауда үздіксіз ізденіс үстінде. Бұл Елбасы Жолдауында көзделген биікті бағындыруға қосылған қомақты үлес. Білім аламын деген жасқа «Авиценна» колледжінің есігі әрдайым ашық. 

Мұрағаттан: 09.10.2012

Оралхан Бөкей: «Тортай мінер ақ боз ат»
Дулат Исабеков. Тағдырдың кейбір кездері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу