Аты аңызға айналған «Жетіген» ансамблінің солисі өмірден озды
Атақты музыкант, композитор, аты аңызға айналған "Жетіген" ансамблінің солисі Қоблан Мусин 67 жасында өмірден өтті. Суыт хабар туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қаралы хабарды жеткізген министр өнер иесінің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Қазақ өнері дарынымен елді баураған саңлағынан айырылды... Атақты музыкант, композитор, аты аңызға айналған "Жетіген" ансамблінің солисі Қоблан Мусин 67 жасында мезгілсіз қайтыс болды. Қоблан Қапанұлымен жақын танитын, тығыз қарым-қатынаста болған адам ретінде қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдап, отбасына, туған-туыстарына, үзеңгілес әріптестеріне қайғыра көңіл айтамын.
Қоблан Мусин бойында кең даланың дархан бояуы, жасандылықтан ада, Сарыарқаның самал желіндей желпіген тазалығы бар әдемі жан, шынайы өнерімен тыңдаушысын баурай білетін хас шебер еді. Оның ұмытылмас шығармалары, "В нашем парке зима" сынды әні тыңдарманға танымал, көңілге жақын болды.
Көп жылдар бойы Қоблан Қапанұлы Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" оркестрінде қызмет атқарды. Қазақстанның әншілік өнері тарихында Қоблан Мусиннің шығармашылығы дара жол болып сақталып, оның жарқын бейнесі ел есінде мәңгі қалады", - деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қоблан Мусинмен қоштасу рәсімі 2 сәуір күні сағат 10:00 мен 11:00 аралығында ҚР Президенті Істері басқармасы орталық клиникалық ауруханасының қаралы залында өтеді.
Мекенжай: Алматы, Панфилов көшесі, 139, Жамбыл көшесінің қиылысы.