Қарғыс атқан ауыл
Біздің бұл ауылға көшіп келгенімізге көп болған жоқ. Бірақ ауылдын бір тылсым сыры барына мен сенемін. Өйткені, жылда көктем мезгілінде мектеп оқушылары өз-өздеріне қол жұмсап, өліп жатады. Нақты себебі анық емес.
Бір күні түскі уақытта үйде шәй ішіп отырсақ көрші үйден шыңғырған әйелдің даусы естілді. Бәріміз жүгіріп барсақ, еркелеп ойнап жүрген Маржан қорада асылып қалыпты. Мені көрмесін деп анам үйге қайтарып жіберді. Сол сәттен бастап көршіміздің үйіне жылаған адамдар көп келіп жатты.
Біз Маржан екеуміз күнде мектепке бірге барып, бірге ойнайтынбыз. Қайтыс болмасынан бір күн алдын маған соңғы уақытта бір түрлі болып жүргенін, кешке қора жақта бір бейтаныс баланы көргенін айтқан еді. Ал мен мән бермей тыңдағаныма қатты өкіндім. Бәлкім, Маржанның айтқанын анама ертерек айтқанымда оны аман алып қалар ма едік?!
Маржанды жерлеген күні түнде түсімде оны көрдім. Түсімде маған «Мені қорадағы бала өлтірді, енді ол Гүлнұрдың үйіне кетті» деп айтып, жоқ болып кетті. Мен қатты шошып, ояндым. Үсті-басым малмандай су болып терлеппін. Сыртқа шықсам анам жылап отыр. «Неге жылап отырсыз?» десем, анамның жақын құрбысының қызы Гүлнұр түнде қорада асылып қалыпты. Оны естіп тіптен шошыдым, бірақ түсім жайлы анама айтуға қатты қорықтым.
Неге екені белгісіз, мен түн болғанын күтіп жүрдім. Түсімде Гүлнұр кіріп қалай өлгенін айтып беретіндей күй кештім. Күндізгі уақытта ауыл адамдары Гүлнұрды мазарға апарып жерледі. Ал күн батқан соң Маржан мен Гүлнұрдың жақын құрбысы Асылбикенін де қорада асылып өлгенін естідік.
Бұл қаралы хабар ауыл тұрғындарын қатты шошытты. Бір күнде еркелеп жүрген үш бойжеткен қыздардан айырылу тек ата-аналары үшін ғана емес, бүкіл ауыл адамдарына қатты соққы болды. Ал мен іштей «ендігі кезек кім?» деп ойлап тұрдым.
Түнде ұйықтауға қорықтым. «Қорыққанға қос көрінер» демекші мен тағы да түс көрдім. Түсімде Маржан, Гүлнұр және Асылбике үшеуі бір орманның ішінде адасып жүр. Мен оларға ауылға қайтамыз, мына жолмен жүріңдер деп көрсетіп жатсам да олар маған қарамайды. Сол кезде түрі көрінбейтін бір бала «Балнұр, ауылына өзің қайта бер. Олар қайтпайды, мен керек адамдарымды алдым» деді де жоқ болып кетті. Мен тағы да шошып ояндым.
Ертесіне таңертең ерте тұрып, мешітке барып үш күн қатарынан оқытылдым. Молда маған әрқашан дәретпен жүруді, кеш батқанда жаман жерлерге бармау керектігін, күл-қоқыстың үстін баспауымды айтты. Оқытылған күннен бастап мені қоқынышты түстер мазаламайтын болды.