Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Шымкенттегі қазақ өнерінің қарашаңырағы Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрыны құрылғанына 76 жылға бет түзеді.. Бүгінде 76 жастағы Қазақстанның Халық әртісі Ақсақал Қалмырзаев өзінің өнер жолын тұтастай осы театрға арнаған. Оның «менің еңбек кітапшамда осы театрға қабылданды деген бір ғана жазу бар, басқа ештеңе жоқ» дейтіні де сондықтан. Бұдан сахна өнеріне деген, осы театрға деген адалдығы, шынайы сүйіспеншілігі аңғарылады.
Ертеректе Төлегенді, қазір Базарбайды сомдап жүрмін
--Ақсақал Қалмырзаұлы, Ж.Шанин атындағы облыстық театрда қызмет еткеніңізге жарты ғасырдан асыпты. Осы өнер ордасының ұстынының бірі өзіңізсіз. Қазір сізді сахна өнерінің ақсақалы ретінде нендей нәрсе толғандырады?
--Толғандыратын нәрсе көп. Театрға көрерменнің сирек келуі де толғандырады. Осы өнер ордасындағы өкше басып келе жатқан ізбасарларым да толғандырады.
--Театрға көрерменнің аз келуінің себептері неде деп ойлайсыз, жас таланттарға деген пікіріңіз қандай?
--Театрға көрерменнің аз келуінің түрлі себептері бар. Қазір ақша тапсам деген заман. Күндіз-түні қарап отырмайтын, уақытты ақша деп түсінетін адам театрға қайдан келсін. Ақша тапса да уақыт таппайды ғой. Бірақ менің ұғымымда өнерді шын сүйетін, бағалай білетін, рухани азық іздеген адам қай уақытта да театрдан қол үзбейді.
Тетрға келіп жатқан кейінгі толқынды мақтай да алмаймын, жамандай да алмаймын. Тәуір қыз-жігіттер бар. Бірақ соларды мемлекет тарапынан қолдау жағы кемшін. Халық әртісі атағын алған мына менің өзімнің жалақым 25 мың теңге ғана. Тағы әйтеуір, жас актерлердің шеберлігін шыңдағаным үшін берілетін үстемақысы бар. Бәрін қосқанда 30 мың теңге аламын. 30 мың теңгемен күн көруге бола ма, мына заманда?! Ал, жас әртістердің айлығы жиырма мың теңгеге де жетпейді-ау. Бұдан кейін олар той-томалақ жағалайды. Күн көру керек қой.
--Яғни, екінің біріне бұйыра бермейтін Халық әртісі атағының өзі де өнер адамына әлеуметтік жағынан ешқандай артықшылық бермегені ғой?
--Иә, Халық әртісінің құр атағынан басқа қызығы қалған жоқ. Баяғы одақ кезінде ордені-медалі барларға біраз жеңілдіктер болатын. Демалыс кезінде денсаулығыңды түзету үшін санаторийлерге жолдама беретін. Қазір ондай жеңілдіктер жоқ. Бір айлықтың бетіне қарап отырамыз. Менің той-томалақ жағалауға намысым да, жасым да сәйкес келмейді. Біреуге жалынышты болу о бастан табиғатымда жоқ.
Кейінгі кездері көңіл-күйім де жоқ. Үйдегі апаңның денсаулығы болмай кетті. Инсулт алғалы көптен бері төсек тартып жатыр. Одан өзімнің де денсаулығым жақсы емес. Жетпісінші жылдары ғой деймін, театрда «Ажар мен ажал» деген қойылымға дайындық жүргізіп жатқан болатынбыз. Оқиға желісі 1916 жылғы дүрбелең кезі. Мен болыстың рөлін ойнаймын. Қойылымда болыстың үйдің үстіне шығып, халыққа қарап күшеніп тұрып сөз сөйлейтін жері болатын. Сөзді айтып біткен соң шабарманым болып ойнаған кісінің демеуімен жерге түсуім керек еді. Бірақ ана кісі кібіртіктеп түсе алмады. Содан өзім түсейін деп сатыны басып кеп қалғанмын. Техникалық қызметкерлердің қателігі ғой, сатының шегесі шығып кетті. Өзімді ұстап қала алмадым, физиканың заңы лезде орындалып қоя берді. Көрейін деп тұрған азабым шығар, төрт метр биіктіктен оңбай құладым. Театрға дереу жедел-жәрдем шақырылып, екі ай аурханада жатқаным бар. Жұлыныма зақым келген екен. Мұны айтып отырған себебім, жұлын мен жүйке бір-бірімен тығыз байланысты ғой. Қартайған сайын сол ауруларым маза бермей келеді.
--Осы өнер ордасында жүріп 200 -ден астам рөлдерді сомдапсыз. Солардың ішіндегі өзіңізге ең жақыны қайсы?
-- Басты рөлдерде ойнаған кейіпкерлерімнің бәрі де жақын. Образ жасау деген оңай емес қой. Әуезовтың «Қарагөзінде» Сырымның рөлін ойнадым. «Еңлік –Кебекте» Кебектің рөлін, «Айман-Шолпанда» Әлібекті, кейін Арыстанды, Сәкен Сейфуллинді, Ғани Мұратбаевты сомдадым. Қазақтың тарихындағы аузы дуалы билердің, хандардың образын шығардым. Айта берсе көп. Тіпті қаңғыбастың рөлін де ойнадым. Әртіс дегеніңіз жынды көбелек сияқты. Өзінің өлетінін білсе де жалынға жармаса береді. Қазір де сахнадан түскенім жоқ. Бірақ өзім сомдаған образдардың ішінде Қалижан Бекқожиннің «Ұлан асуындағы» Абылай ханның рөлі мен үшін шоқтығы биік. Режиссер Жақып Омаровтың осы қойылымын кезінде Әзірбайжан Мәмбетов жоғары бағалады. Атақты театр сыншысы Бағбек Құндықбаев «Қазақ әдебиетіне» мақтап тұрып жазды. Менің халық әртісі атағын алуыма да осы Абылай ханның рөлі ықпал етті.
Өнер деген өмір. Ал, театр сол өмірдегі отбасы сияқты. Қойылымға бала да керек, ата да керек. Ертеректе «Қыз-Жібекте» Төлеген болсам, қазір Базарбайды ойнаймын.
Өнер институтына қабылдану үшін «қырғыз» да болдым
--Сахна атты киелі шаңыраққа қалай келдіңіз?
--Анам жарықтық «сәби кезіңде-ақ, ыңылдап отырып өлең айтушы едің» дейтін. Әкемнің даусы керемет болатын. Ал, анамда ақындық жағы басым еді. Анам Зәуре 16 құрсақ көтеріпті. Содан тірі қалып тіршілікке араласқаны 3 қыз, 1 ұл. Қалғандарының бәрі сол кездегі медицинаның дәрменсіздігінен, сапасыз қызметінен шиеттейлерінен шетінен шетіней беріпті ғой. Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны деген ғой, анам ауылдық кеңеске барып менің туу туралы куәлігімді аларда «ұлым әскерге бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып барсын» деп жасымды екі жасқа кішірейтіп қойған екен.
Әпкем Құлқан керемет әнші болатын. Осындағы фил армонияның мықты әншісі атанды. Бірақ тағдыр жолы ауыр болды. Өзі айықпас ауруға жастайынан шалдықты. Ауырып жатса да маған халық әндерін үйретіп, қайта-қайта айтқызып отыратын. Күйеуі соғысқа кетіп қайтып оралмады. Не қара қағазы келмеді, із-түссіз жоғалғандардың қатарында кетті. Әпкем өмір бойы менің атымды атамай, «көкем» деп атайтын. «Көкем үйленсе, баласының атын Алтай деп қоямыз» деуші еді. Өйткені сол кезде Жамал Омарованың «Алтай» әні күндіз-түні шырқалып, елдің аузынан түспейтін. Бірақ әпкем менің үйленгенім түгілі ержеткенімді де көре алмады. Жиырмаға жетер-жетпес ауырып, дүниеден озды. Бұл кезде мен бастауыш сыныпқа енді барғанмын. Қазір менде де жалғыз ұл. Атын әпкемнің аманатын орындау үшін анамның ақылымен Алтай деп қойғанбыз. Ұлым қазір Англияда тұрады. Саясаттану ғылымдарының кандидаты, жуырда докторлықты қорғамақ.
Бала кезде ұшқыш болуды көп армандадым. Тіпті ұшқыштардың оқуына түсу үшін құжат та дайындап жүргенмін. Бірақ нағашым мұны біліп қойып анама «балаң ұшқыш боламын деп жүр ғой. Ертең ұшақтан құлап өлсе қайтесің?» дегеннен кейін бұл арманымның күл-талқаны шықты.
Әкемнен дарыған қасиет шығар, бала кезімде даусым жақсы болатын. Мектепте оқып жүрген кезімде өлеңді жақсы айтатынмын. Мектеп қабырғасында жүрген балалардың не жақсы оқығаны, не спортпен шұғылданғандары, не бұзықтары есте қалады ғой. Мен мектептегі ойын-сауықтарға белсене қатысатын оқушы ретінде танылдым. Ол кезде ойын-сауықтың бәрін ұстазымыз Бердуәлі Тұрмағамбетов басқаратын. Бірде сол кісі мені Халық әртісі Жұмабике Серікбаевамен және режиссер Ғайни Хайруллинамен таныстырды. Сол кісілердің айтуымен Ташкенттегі Островскиий атындағы театр инстиутына түсуге бардым. Кейінірек Жұмабике Серікбаевамен бірге осы театрда талай қойылымдарға қатыстық. Екеуімізге үнемі жұп болып ойнау жазылған екен. Мен--Төлегенді ол--Қыз Жібекті, мен--Кебекті ол--Еңлікті, мен--Сырымды ол--Қарагөзді, мен --Ертарғынды ол--Ақжүністі, ол--Шұғаны мен--Әбішті ойнадық.
Ташкент өнер институты Орта Азиядағы театр әртістерін даярлайтын жалғыз оқу орны еді. Бірақ аталған оқу орны қазақ тобына талапкерлерді бес жылда бір-ақ рет қабылдайды екен. Яғни, жаңа қабылданған топ бітіріп кеткенше, талапкер қабылдамайды. Ал, қазақ тобы әлі екінші курста. Енді қайтсем екен деп тұрғанымда менің бағыма қырғыз тобы келе қалды. Содан қырғыз тобына қабылдандым. Топтағы қырғыздардың арасында оқып жүріп, қырғызшаны таза сөйлейтін болдым. Тіпті, «с» әріпін, «ш» деп айтып, тілімнің сақауланып қалғаны да бар. Кейіннен қазақ театрына келген соң қазақ романдарын дауыстап оқып, тілімді қайта жаттықтырып алдым. Бертінде біздің театр Қырғызстанға барған кезде менің қырғызшаны таза сөйлетініме режиссерлер де таң қалатын. Қырғыздардың өздері де мені жақын тұтады. Әлі күнге «мен қырғызға жиенмін» деп әзілдеймін.
Инстиут қабырғасында Жұмат Шаниннің ұлы Қасымхан Шанинмен бірге оқыдым. Қасымхан ол кезде әкесінің атын көп айта бермейтін. «Халық жауының» ұлы ретінде талай құқайды көрген ғой. Құжаттарына Әкішұлы (Әкіш Жұмат Шаниннің інісі) деп жаздыртыпты. Әкіш те Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Осы театрда актер болып істеген. Ал, Жұмат Шанин қазақтан шыққан тұңғыш режиссер. Оның есімін Шымкент театрына берілгенін Қасымхан көре алмай кетті... Иә, соныменен сол Қасымхан екеуіміз институт қабырғасында жүріп, өлең айтатынбыз. Екеуіміз тіпті, Өзбекстанның атынан сонау Мәскеуде өткен фестивалдарға дейін жолдама алып, ән шырқап қайтатынбыз. Оқуды бітірген соң даусымның жақсы екендігіне қарап, қырғыз режиссерлері мені Фрунзедегі опера театрына алып қалмақ болды. Бірақ Мұрат Қосыбаев, Бәйтен Омаров деген қазақ режиссерлер «сені қырғыздарға жібермейміз» деп, мені Алматыдағы жастар театрына қабылдануыма күш салды. Алайда бағыма Алматы да дөп келмеді. Қасымхан «Өнер адамдарының бәрі Алматыда істеуі шарт емес. Оның үстіне кәрі әке-шешеңді Алматыға қалай алып барасың?» деді. Онымен келіспеуге тағы болмады. Қысқасы, жолдаманы Шымкент театрына алдым. Осы шаңырақта табан аудармастан жұмыс істеп келе жатқаныма елу жылдан асты.
--Өнер жолында кімдерді өзіңізге ұстаз санайсыз?
--Ташкентте оқып жүрген кезімде Хамза театрында өзбектің небір мықтыларының өнерін көріп өстік. Шүкір Бұрқанов, Абрар Хидаятов сынды майталмандарға қатты еліктедік. Театр сыншыларының кейде «Сіздің сахнадағы стиліңіз Шүкір Бұрқановқа келеді» деп жататыны да содан шығар. Ал, өнердегі өзіме ұстаз санған әртістің бірі Құрманбек Жандарбеков. Құрекең барлық қазақ актерлерінің ұстазы. Ол сахналас серігім, өнердегі, әрі өмірдегі досым, белгілі актер Ошат Рахымовтың туған нағашысы болғандықтан онымен жақындау араластым. Әсіресе балаға қамқорлығы, мейірбандығы ерекше еді. Қазір Шымкенттегі жаңадан ашылған опера және балет театрына Құрекеңнің есімін беру керек деген ұсынысымды айтып жүрмін. Бәлкім «Жетісай театры сол кісінің атын иемденген ғой, қайталап қайтеміз» дейтіндер табылар. Мен айтар едім, жоқ, Құрекеңнің есімін екі-үш театрға берсек де көптік етпейді.
--Қазір өзіңіз айтып отырған қырғыз, өзбек театрларымен байланыстарыңыз бар ма?
--Кезінде гастрольмен барып тұратынбыз. Қазір шет ел түгілі өзіңнің ауылыңа да бара алмайсың. Себебі бәрі қаржыға барып тіреледі.
Мен әділетсіздікке төзбеймін
--Жаңа бір сөзіңізде «Театр отбасы сияқты» дедіңіз ғой. Осы отбасыдан айқай-шудың жиі шығуы не себепті? Кезінде театрдың елу жылдығында осындай айқай-шудан көптеген қызметкерлер атақ-марапаттардан құр қалыпты деген әңгіме қаншалықты шындық?
-- Бұл одақ кезінде болған оқиға. Біріншіден, театрда көптеген қаржылық заңбұзушылықтар орын алды. Мен ол кезде кәсіподақ комитетінің төрағасымын. Басшылар тарапынан құқай көрген актерлер арыз-шағымдарын маған да айтып жатты. Оған да мейлі деп көне беруге болар еді, енді басшылар маған да тиісе бастады. Екіншіден, елу жылдыққа тетр қызметкерлері көптеген атақтарға ұсынылды. Бір адамға Халық әртісі атағы беру керек болды. Сол кездері актерлер бұл атақты Қалмырзаевқа беру керек деген пікірлерін айтқан. Бірақ кейбіреулер жоғарыдағы таныс-тамырларын араға салып, алдымызды орап кетті. Бұдан кейін қалай күйінбессің?! Мен әділетсіздікке төзбеймін. Содан тиісті жерлерге барып, бар шындықты ашынып тұрып айттым. Театрда тексеру болып, заңбұзышылықтардың барлығы анықталды. Дау-дамайдың мән-жайын, ақ-қарасын белгілі жазушы Мархабат Байғұт жақсы біледі. Ол сол кезде обкомда бөлім меңгерушісі болып істейтін. Бұл жағдайдан тіпті облыстың бірінші басшысы Асанбай Асқаров та толық хабардар болды. Кейіннен жазушы Әлжаппар Әбішев араға түсіп, кінәлі адамдардың артын жапқан. Рас, осындай айқай-шудан кейін театр қызметкерлері атақ-марапаттан құр қалды.
--Ал, режиссер Ерғали Оразымбетовпен арадағы келіспеушілік неден шықты?
--Ол басқа мәселе. Ол осында облысқа Бердібек Сапарбаев әкім болған кезде келді. Оның келуіне біз о бастан қарсы болғанбыз. Себебі ол бұған дейін Жамбылда, Қызылордада жұмыс істеген. Сол жақта жүріп заңбұзушылықтар жасағаны үшін қуылған. «Мұнда келсе ол біздің де берекемізді кетіреді» дегенбіз. Кейіннен Ерғалидан оны қолдап жүргендердің өздері де теріс айналды. Ақыры кетуге мәжбүр болды.
Жалпы, актер жеке образына жауап берсе, режиссер бүкіл қойылымға жауап береді. Бірақ автор, актер және режиссердің пікірі бір жерге тоқайласпайынша жақсы образ шықпайды. Кейде режиссермен пікірі қайшылығы туып, бір-бірімізбен бет көріспестей ұрысып қалатын кездеріміз де болады. Ерғали қойылым кезінде сөзге мән берген жоқ, сахнадағы актерлердің бәрін биші етіп жіберді. Бұл бізге ұнаған жоқ.
--Облыстық театрдың қазіргі бас режиссері Асқар Алтынбеков туралы пікіріңіз қандай? Ол кісіні кейбіреулер баспасөзде орыс тілді деп сынады емес пе?
-- Өркениет көшін бастаған, өнері дамыған шет мемлекеттерге арнайы шақыртумен барып талантты режиссер Болат Атабаевтың бірнеше жыл бойы тер төгіп қайтқаны бекер дейсіз бе? Асқар Алтынбеков қазақшаны жете білмегенімен жақсы түсінеді. Оның режиссерлік қабілетін өз басым жоғары бағалаймын. «Мұңлық-Зарлықты» тамаша шеберлікпен, тапқыр шешімдермен, тың идеялармен қоя білді. Қарағандыда өткен фестивалде жүлде алдық. Сыншы Әшірбек Сығайдың өзі мақтап тұрып жазды емес пе? Драматург Дулат Исабеков те оған қатысты өте жақсы пікірлер айтып жүр.
Жалпы, Шанин театры республикадағы маңдайалды, Алматыдағы Әуезов театрының інісіндей болған өнер ордасы. Сапарбаевтың тұсында сазды драма театр да болғанбыз. Бірақ Оразымбетовтың кезінде одан да айырылып қалдық. Театрға кезінде академиялық театр атағын беру туралы да ұсыныстар болған. Өнер ордасын өрге сүйрейтін білікті режиссерлер мен талантты әртістер. Алдағы уақытта солар театрды ала алмаған асуын бағындыртып, жете алмаған жетістігіне жеткізеді деп сенемін.
Әңгімелескен Ғалымжан Қамытбекұлы,
"Рейтинг" газеті №15, 29 сәуір 2010 жыл