Шымкентте Алтын сарай тойханасының айғайы күшейіп барады
«Рейтинг» газетінің өткен санында «Қасіреттің» қасында тойхана тұр. Бұған Пайзахметовтың пайдасы үшін көне беру керек пе?» деген тақырыппен журналистік зерттеу жүргізу арқылы жарияланған көлемді мақаладан кейін «Рейтинг» газетінің редакциясына хабарласушылар көп болып тұр. Біз де қарап қалмай бірқатар азаматармен өзіміз де жолығып, көкейдегі сауалдарды көлденең тарттық.
Құтым ОРДАБАЙҰЛЫ, Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
--«Қасіретте» кезінде озбыр саясаттан қасірет шеккен адамдардың сүйегі жатыр. Сол мыңдаған асыл азаматтардың бірі менің әкем Ордабай Бәймішев. Шаруашылықтарды басқарып жүрген әкем 1937 жылдың қазанында ұсталып, түрмеге отырғызылады. Бар-жоғы үш айлық тергеуден кейін «үштіктің» үкімімен ату жазасына кесілген. 14 қарашада үкім Шымкенттегі Албастысайда орындалған.
«Қасірет» ашылған кезде мен арнайы барып қатыстым. Албастысайдан атылған боздақтардың сүйектері қазылып алынып, «Қасіртке» қайта жерленді. Ішінде менің әкем де бар. Сүйек артылған мәшинелердің саны жетеуге жеткен болатын. Бұл шараға облыс басшылары, әскери комиссариаттың өкілдері, жауынгерлер де қатысты. Мен бала-шағаммен бірге бір табытты машинеге көтеріп салдым. Сол табытты арманда кеткен марқұм әкемнің сүйегі деп есептедім. Табытты көмер кезде қазақы ғұрыппен құран оқыдым. Артынан «Қасіреттің» басына ауылдың қарияларын апарып, қара үй тіктім. Мал сойып, ас бердім.
Дәл осындай азалы жерде тойхананың салынуын өз басым дұрыс емес деп есептеймін. Ол жерге адамдар әруақтарға арнап құран оқу үшін, ата-бабаларын аза тұту үшін барады. Оның дәл жанындағы тойханада той тойлап, би билеу, арақ-шарап ішу масқара тірлік емес пе?!
Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ, Сенат депутаты:
--Той да керек, бірақ оны жасаудың да өз орны бар емес пе? «Қасірет» тұрған жер бұған лайық емес. Масқара жағдай. Оның айналасында әруақтарды аза тұтатын, құрмет көрсететін нысандар тұруы тиіс. Осы жерден өткен адамның өзі бойын түзеп, бет сипап өтеді емес пе? «Қасіреттің» қасында тойхана салуға басында рұқсатты берген кім? Бұл мәселені қалалық әкімдік, қалалық мәслихат қайта қарауы керек.
Мұндай жерге тойға шақырса бармағаным былай тұрсын, туған-туыстарыма ондай жерге той жасатпас та едім.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
--Мазардың қасында би билеп, той тойлап жату қазақшылыққа келмейді. Бірақ бұл мәселені басында көтеру керек еді. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деген бар. Басында маған ол жерде лаборотория болады деген еді. Кейіннен тойхана дегенде шошынып қалдым. Енді айқай шығардың не, шығармадың не?
--Шымкент қалалық әкімдігі осы мәселені көтеріп, қала әкіміне талап қойып жатыр...
-- Қала әкімінің кәсіпкердің ішкі шаруасына араласуға құқы жоқ. Бұл іске әкімнің араласуы кәсіпкерлікке кедергі жасау болып табылады. Одан да депутаттардың өздері кәсіпкерге барып, өздерінің арттарында тұрған сайлаушылардың аманатын жеткізуі керек. «Көптің қарғысын алған жаман болады» деп айту керек. Әрине, иесі оны түсінсе...
Ахметжан КЕРІМБЕКОВ, облыстың бас имамы:
--«Қасіреттің» қасына тойхананың салынуына наразылық туындап жатқанынан менің де хабарым бар. Мұндай жайттар тек «Қасіретте» ғана кездесіп отырған жоқ. Пахтахор, Воршиловка елді мекендерінде орналасқан мешіттердің қасына да тойхана салынып кеткен. Діннің көзімен қарасақ, мешіт пен мола қасиетті орын саналады. Нарық заманы деп әлдебіреулер ойларына келгенін істеп жатыр ғой. Мемлекет тарапынан бір шара қолданылмаса, біздің сөзімізді тыңдайтын ешкім жоқ.
«Қасірет» тарихи орын. Елдің ертеңгі үшін күрескен асыл азаматтардың сүйегі жатқан жер. Оны қастерлеу керек.
Нұрлан СЕЙІТЖАППАРОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:
--«Рейтинг» газеті бұл мәселені өте орынды, әрі өткір көтеріп отырғаны оқырманның көңілінен шықты. Көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан мәселеге орай маған депутат ретінде талай адамның хабарласуы осының айғағы. «Қасіреттің» қасынан тойхана салу надандық. Ол жерде жалғыз «Қасірет» емес қой. Кіре берісте христиандардың мазары тұр. Орыс ұлтының өкілдері де бұған қарсы болуда. Өзіңіз ойлап көріңіз, мына жақта адамдарды қайтпас сапарға шығарып жатса, тура сол сәтте тойханада әлдебіреулер той өткізеді. Арақ-шарап ішіледі, у-шу болады. Мазардың басында той өтсін деген ешқандай дінде жоқ. Осыған рұқсат берген кім, ол адамның ешқандай мәдениеті жоқ. Бизнестің де өзіндік мәдениеті, түсінігі болуы керек емес пе?!
Мен бұл мәселені қаланың әкімі Арман Жетпісбаевқа ашық айтқанмын. Халық арасында осы жөнінде пікір туғызу, үлкен пікірталасқа айналдыру керек. Өйткені наразылық бүгін болмаса да ертең бір жерден шығады. Өз басым ондай жерге той тойлауға ешуақытта бармас едім. Бұл адамгершілікке, мәдениетке қайшы әрекет.
Ноян ДҮЙСЕНБАЕВ,саяси қуғын-сүргін құрбанының ұлы:
--Әкем Дүйсенбай Алтынбеков 1899 жылы туылған. Ол Шәуілдір аудандық кеңес атқару комитетінің тұңғыш төрағасы қызметін атқарған. Бұдан кейінгі жылдары Ташкентте заңгерлік білім алып, біраз жылдар прокуратурада жұмыс істеді. Әкем 1930 жылы туған жері Шәуілдірге келіп, осында халықты ұйымдастырып, канал қыздырып, суармалы жерлерді игерткен азамат. Бұдан кейінгі жылдары Мәскеу қаласында КСРО Бүкілодақтық атқару комитеті төралқасының жанындағы кеңес құрылысы жөніндегі курсты оқып жүріп, елге демалысқа келгенінде «халық жауы» деген жаламен ұсталған. Бұл 1937 жылдың 22 қарашасы екен. Ол сол жылдың 30 желтоқсанында атылған.
Әкеміздің Албастысайда атылғанын біз кейін білдік. «Қасірет» кешені ашылған кезде арнайы бардық. Әкем жатқан Албастысайдан топырақ әкеліп, шешеміздің зиратына қойдық. Енді сондай жерден тойхана ашу қастерлі жерге жасалған қиянат емес пе?! Той болған жерде арақ ішіледі, даңғаза музыка ойналады. Мұның бәрі де әруақтардың тынышын кетіреді.
Тойхананы жабу керек. Моланың қасына осындай ғимарат салудың өзі үлкен күнә.
Мархабат БАЙҒҰТ,жазушы-журналист:
--Мен бұл ғимарат салынбай тұрғанда қарсылық білдіргенмін. Қазір енді ары-бері өткенде ойланып жүрмін, арғы жақтағы Албастысайда адам сүйектері жатыр, бергі жақта «Қасірет». Ол жерде атылғандардың бәрі қыршын кетті. Жиырмадан, қырықтан жаңа асқанда. Олар той көрмеді. Енді сол жерге тойхана салған бір жағынан дұрыс та болған шығар деп ойлап отырмын. Той көрмеген боздақтар кішкене жақсы әуендерді, жақсы сөздерді естіп, тойдың бір шетін сезініп жатсын деді ме, солай бұйырылды ма, кім біледі...
Кендебай АХАТ, ақын:
-«Қасіреттің» қасына тойхана салынғанына мен қарсымын. Оның қожайынының қандай азамат екенін білмедім, әйтеуір тойханасы көп дейді ғой. Ғимаратты салып қойған соң оны бұзудың өзі де қиын шығар. Бірақ пікірді ашық айту керек. Тойхананы даңғазаның ордасына айналдырмай, басқа мақсатта пайдалану қажет. Өз басым тойханаға әлі кірген жоқпын. Шақырса да бармаймын. Моланың үстінде отырып той тойлаған дұрыс емес.
Сұлтанбек СҮГІРБАЕВ, сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы:
--Тойхананың құжаттары түгел, заңды. Ал ол жерден неге жер бюерілген деген сауалға келсек бұл басқа мәселе. Бұл сұрақты қаланың әкіміне қойыңдар. Жерді беретін солар.
Жангелді МАҚАШЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы:
--Жалпы, бұл жер әуел баста Иран мәдени орталығын салуға бөлінген болып шықты. Кейіннен ол жер телімі жекеменшікке сатылып кеткен. Қалалық әкімдік жерді пайдалану нысанын былтыр өзгерткен екен. Бұл мәселені депутат Оразбек Ешімбетов сессияда көтерген. Өз тарапымыздан хат жазып, сұрау салдық. Жердің пайдалану нысанын өзгертсін деген талап қойып отырмыз.
Жалпы, мұндай азалы орынға мәдени орталық салынса, құлаққа кіреді ғой. Ол жерде қуғын-сүргін жылдарында атылып кеткен мыңдаған адамдардың сүйегі жатыр емес пе?! «Қасіретте» сол бір қасіретті жылдары көмусіз қалған азаматтар қаншама?! Ондай орында той өткізуді өз басым дұрыс емес деп санаймын. Бірақ жерге барлық құжаттар беріліп қойған екен. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жұмыс істеп жатырмыз. Мәселе талқыланып, депутат Оразбек Ешімбетовтың атынан сұраныс хаттар жолданды. Біраз жауаптар келді, бірақ әлі толық емес. Әлі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан және басқа да мемлекеттік мекемелерден жауаптар алуымыз керек. Дәл қазір бұл мәселенің қалай шешілетінін айту қиын. Жұмысты ары қарай жүргізу керек.
Оразбек ЕШІМБЕТОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
--Жердің пайдалану нысаны осы қазіргі әкімнің тұсында өзгертілген. Енді оны қайта өзгерту керек. Осы жөнінде мәселені сессияда көтергенбіз. Бірақ ол кезде әкім іссапарда болды. Енді «ГАСК»-ке, жер комитетіне сұрау салдық. Әлі жауап келген жоқ. Пайзахметовтың өзімен де сөйлестім. Құрылыс жүргізген құжаттарымның бәрі заңды дейді. Біреу сол жердегі «Алтын сарайға» тойға шақырса, көз көріп тұрған соң қалай барасың?! Той иесінің үйіне алдын ала кіріп шығып, кешірім сұрап кетіп қалар едім.
«Қасіреттің» қасындағы тойханаға қатысты азаматтардың айтқан ой-пікірі осындай. Көтерілген мәселеге байланысты пікірдің екіге жарылып тұрғанын байқауға болады. Бір топ «Қасіреттің» қасында тұрған тойхананың жабылғанын қалап, әрі қарай жұмыс істеуіне үзілді-кесілді қарсылықтарын білдірді. Екінші топ «енді шулағанмен не өзгереді» дейді. Әрине, екінші топтың айтқан уәжін де жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, ертеңгі күні өткен-кеткен тарихтан бейхабар, ұлттық құндылықтардан мақұрым шенеуніктер мен бас пайдасынан басқаны ұмытқан пысықайлар өзара ауыз жаласып, «Қасіреттің» өзін де саудаға салып жіберсе не істейсіз?! Сол кезде де «болары болды, бояуы сіңді» деп қарап отыра беру керек пе?
Әр ұлттың қасіреті, жазылмаған жан жарасы бар. Қазақтың қасіреті өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін. Халқымыздың арғы-бергі тарихында бұдан өткен қырғын, бұдан өткен қасіреті бар ма? Біздіңше жоқ. Сол бір сұрапыл жылдарда құрбан болған боздақтар күні кешеге дейін ескерусіз жатты. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған жылдары олардың есімдерін де айтуға тыйым салынды. Енді, бүгін халық үшін жанын қиған асыл азаматтарымыздың сүйегі жатқан жерге тойхана салынып, той тойлаумен, даңғаза музыкамен, жартылай жалаңаштанған бимен және ағыл-тегіл ішілген арақ-шараппен, айқай-шумен олардың әруағын мазалағанымыз естіген ел жағасын ұстайтын сұмдық жағдай. Қашанға дейін?...
"Рейтинг" газеті №40, 13 қараша 2009 жыл