Әншілер дәрігерлерді қалай бағалайды?
Ел ішінде «күніңді дәрігер мен полицияға түсірмесін» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Ауырмадым деген адамның өзі жылына жоқ дегенде бір рет дәрігердің көмегіне жүгінетін шығар. Жауапкершілігі мол осы бір мамандық иелеріне халық алғыс та айтып, кейде қарғыс та жаудырып жатады. Отандық эстрада жұлдыздары арасында да ақ халаттылардың жұмысына көңілі толатындары да, толмайтындары да кездесіп жатады.
«Жігіттер» тобының солисі Бағлан Әбдірайымов инстаграмм парақшасында анасының денсаулығын айтып, жұртты алаңдатып қойды. Әншінің жазуынша анасы инсульт алған. Өкінішке қарай, өліммен арпалысқан әйелге білікті дәрігерлердің өзі көмектесуден бас тартқанда шымкенттік ақ халатты абзал жан әншінің анасына ота жасауға келіскен.
– Астана, Алматы, Мәскеу мамандары бас тартқан отаны Жасұлан Оразалыұлы анама жасады! Казіргі таңда анамның жағдайы жақсы. Алла қаласа, «инсульт» деген пәлекеттен қорқыныш жоқ. Ендігі мәселе ем-домын дұрыс жасап, аяққа тұрғызу. Барша тілеулес болған еліме, туыстарға, дәрігерлерге алғысым шексіз! – дейді ол.
Жақында өнер иесінің анасына Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында екінші рет ота жасалды. Бағлан тыңдармандарына отаның сәтті жасалғанын және қазір анасының жағдайы жақсы екенін хабарлады.
Әдемі әндерімен көпшіліктің сүйікті әншісіне айналып үлгерген Әбдіжаппар Әлқожа кезінде қатты науқастанып, бір ажалдан қалған екен. «Кездер-ай» бағдарламасында қонақ болған әнші сол қиын-қыстау күндерін еске алып, көзіне жас алды. Айтуынша ол көршінің баласымен төбелесіп, салдарынан басына тас тиіпті. Қатты жарақат алған Әбдіжаппар 5 жыл аурухана төсегіне таңылған. Дәрігерлер «адам болмайды» дегенімен, ата-анасы үміт үзбей ұлын еліміздің түкпір-түкпіріндегі және көрші Қытайдың мамандарына жүгінген. Одан қала берді талай молда мен емшінің есігін жағалаған көрінеді. Оқыс оқиғаның салдарынан әншінің миына қан қатып қалып, қояншық ауруына шалдыққан екен.
– Әкем мен үшін бар байлығын сатты. Соңғы тиынына дейін санап берді. Соңында Ташкентте мықты дәрігер бар дегенді естіп, қолындағы барымен ата-анам сол жаққа барды. Түс ажырата алмайтынмын. Беліме салынған дәріден соң, «көзімді ашып, көке, сары түс» дегенімде әкем әйел дәрігердің көзінше жылап алыпты. Содан соң мені палатаға жатқызып, ауылға барып картоп-пияз алып келіпті, дәрігерге рахмет айтуға. Қолымызда қалғаны сол еді, – дейді көзіне көзіне жас алған әнші. Қазір эстарада жұлдызының жағдайы жақсарған.
Музарттың кенжесі Жанәбіловтің отандық дәрігерлерге өкпесі бар. Кенжебектің тұңғышы Ахметтің туғаннан құлағы дұрыс естімейтін көрінеді. Алайда ақ халаттылар мұны бірден байқамаған. Баланың кінәраты уақыт келе анықталыпты. Әлбетте перзентінің денсаулығын түзету үшін ол талай табалдықты тоздырғаны анық.
– Бізге дәрігерлер басында дұрыс түсіндірмеді, дұрыс бағыт бермеді. Сырқаты сыр бере бастағаннан кейін қай жақта емдеткен дұрыс дегенде олар Германияға жіберді. Біз сандалып шетел астық. Егер әу баста емдету немесе ота жасату керек болса, айту керек еді, біз ертерек қамданатын едік қой, – дейді Кенжебек.
Бүгінде Ахметтің денсаулығы әлдеқайда жақсарған. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын құлағына ота жасалған Ахмет бүгінде қатарластарымен бірге мектепке барады.
– Қазір ол құлағына «кохлеарный имплант» деген аппарат киеді. Сол арқылы естиді. Ұлыма отаны алты жарым жасында жасаттық. Бір жарым жылдың ішінде мен баланы жазу жаздырып, есеп шығартқызып, атын айтқызып, біздің атымызды айтатындай дәрежеге жеткіздім, – дейді ол.
Әншіні алаңдататын нәрсе баланы дамытуға қажетті қаражаттың көптігі. Кенжебек ем-дом шығынын әр ата-ананың қалтасы көтермейтініне сенімді.
– Мен ұлымды емдеткенде күніне 7 мың теңге төлеп отырдым. Қалтам көтергендіктен қиналғам жоқ. Алайда сол 7 мың теңгені төлей алмайтын ата-аналар бар ғой, – дейді Жанәбілов.
Кенжебек осы олқылықты оңалту үшін, есту қабілеті нашар балаларға арнап орталық ашыпты. Бүгінде 40-қа жуық ұл-қыздар тегін білім алуда. Ғимаратты әкімшілік ұсынғанымен, ұстаздарға төленетін жалақы Жанәбіловтің мойынында. Ендігі мақсаты – жаңа жобасын мемлекеттің қолдауымен дамыту. Қазір әнші есту қабілетінде кемістігі бар жеткіншектерге арнап мектеп ашуға қамданып жатыр.