Екеу болып кетіп, үшеу болып оралған ана!
Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады. Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады.Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда: «Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын» дейді. Бұл сөздің мәнісін қайын жұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді.
Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанымен қауышып, мауқын басқан соң, көпшілікке бұл келісінің мәнісін айтады: «Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбің − перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орыны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жергетуғанымдай боп кеткен сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды Құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!» − дейді.
Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал, еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: «Құдайым өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Алла қайырынберсін. Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!» − деген екен.
Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, Құдай тілеуін беріп, Ақбикеш те, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі.Бұлардан өрбіген ұрпақ рулы елге ұласқан. Иә, бір ананың ақыл-парасаты бір рулы елді дүниеге келтіреді деген осы!