Екі қолы, тізесі жоқ қыз бен жігітінің махаббаты жұрттың жүрегін елжіретті
АҚШ-тың Техас штатында тұратын Джлисса Остин есімді қыз бірқатар кемшілікпен дүниеге келген. Оның екі қолы, тізесі, аяғының бірнеше саусағы жоқ. Дәрігерлер оған нақты диагноз қоя алмаған. Алайда оның 18 жасқа дейін өмір сүрмейтінін айтыпты.
Джлиссаның анасы Деборе қызын қолына алғанда, шок болған. Себебі ол қызының он екі мүшесі бүтін болып дүниеге келетініне, аяғының ұзын болатынына сенімді болыпты. Дәрігерлер есеңгіреген анаға перзентінің болашағы жоқ екенін ескертіпті. Алайда Дебора бұл қиындықты еңсеретіндерін айтқан және ол қателеспеді, деп жазады Daily Mail басылымына сілтеме жасап Stan.kz.
Дебора қызын мектепке беретін кезде өзге балалардың оған қалай қарайтынын ойлап, қатты уайымдаған. Алайда оның уайымы бекер болып шықты – айналасындағылар Джлиссаны бірден жақсы көріп кеткен. Джлииса 17 жасқа толғанда достары оны Джонатан Шортер есімді жігітпен таныстырып, екеуі бірден тіл табысып кетіпті. Бастапқыда екеуі дос болса, артынша бірін-бірі сүйіп қалады.
«Джлисса – тамаша адам және жақсы дос. Оны жақсы көрмеу мүмкін емес», - дейді Джонатан Шортер.
Джонатан Джлиссаның қандай да бір кемшілігі бар екенін ешқашан байқамағанын айтады. Ол қызға жоғары сөреден зат алуға, көліктен түсуге көмектеседі. Ал басқасы Джлиссаның өзінің қолынан келеді. Ол бойының 1 метр екеніне, қолы, тізесі және үш башпайының жоғына қарамастан бәрін өзі жасап үйренген.
«Мен Джонатан сияқты адамды кездестіремін деп ойлаған емеспін. Жалғыздықта өлемін деп ойлаған едім», - дейді Джлисса Остин.
Бүгінде Джлисса 30 жаста. Ол өзінің шағын кәсібін ашып, табыс тауып отыр. Алдағы уақытта Джонатан екеуі шаңырақ көтермек ниетте. Олар бал айын асыға күтіп жүр.