Жазылмастай ауруды жеңген әйел
Менің алғаш сезінгенім бұл – қорқыныш! Бірден басыма: «Мен әлі қаншама нәрселерді жасап үлгермедім, балаларым кішкентай ғой!» - деген ойлар келді. Мен жыладым, алайда жасымды ешкімге көрсетпедім. Кейде бұрынғы қиналған сәттерім қайталатындай үрей пайда болады... Сол күндерден бастап өмірімді екі кезеңге бөліп қарастырамын. Бірінші кезең ауырып қалғанға дейін, екінші кезең өмірімде ауру пайда болған кезден басталады. Маған өмір сүру керек болды, өйткені менің балаларым бар еді. Аса діндар емес едім, алайда мені тағдыр аурумен беттестіргенде, мен дұға оқи бастадым. Менің ойлау қабілетім мен дүниетанымым 180 градусқа өзгерді. Барлық күйбең тіршілік, әуре-сарсаңы көп өмір... Барлығы артта қалғандай болды.
Ауырып емханада ем қабылдап көрген емес едім. Денсаулығым мықты болды. Күндердің күнінде аурып қалатынымды, осы сұмдықтың басымнан өтетінін мен білген жоқпын. Тұңғыш сәбиімді дүниеге алып келген кезде тұмауратып қалдым. Сол кезде бүйрегімнің ауырғаны есімде. Алайда тұмаудан жазылған бойда ауру дереу қойған болатын. 39 жасымда қызымды босандым, кейін 42 жасымда ұлым дүние есігін ашты. Жүктілік кезінде мейманханада аспазшы болып жұмыс істедім. Кенжем дүниеге келген сәтте денсаулығым сыр бере бастады. Дәрігерге көрінуге асыққан жоқпын. Ұлы сөздің ұяты жоқ дейді. Қайта жүкті болмас үшін дәрігерлердің кеңесі бойынша спираль салдырдым. Содан соң денемде қызыл бөртпелер пайда бола бастады. Мүмкін дұрыс тамақтанбаудың әсері шығар деп дұрыс тамақтанатын болдым. Алайда бөртпелердің кететін түрі жоқ. Жағдайым дұрысталмағандықтан дәрігерге қаралдым, спиральді алып тастауын өтіндім. Алып тастағаннан кейін бөртпелер де кетті. Оны көріп мен қатты қуандым. Дегенмен, уақыт өте келе басым ауырып, азанда жүрегім айныйтын халге жеттім. Күш-қуатымнан айрылып, әлсіз болдым.
Бүгінде «УЗИ» деп аталып кеткен ультрадыбыстық зерттеуден өттім. Нәтижесі менің бүйрегімде суық барын анықтады. Арыс аудандық орталық ауруханасындағы дәрігерлер мені облыстық ауруханаға жіберді. Шымкент қаласындағы дәрігерлер менің дереу анализ тапсырып келуімді талап етті. Анализді көріп, ауруханаға тіркелуімді өтінді. Оны естіген мен қатты қорықтым. Сездім ғой мен сол кезде бір гәп барын, ол тез жазылатын ауру емес екенін аңғардым. Облыстық ауруханада бір ай емделдім, дәрілерімді үзбей қабылдап отырдым. Бірақ дәрігерлер нақты диагноз қоюға асықпады. Оның себебін анализіңіз тоқтамға келмей жатыр деп түсіндірді.
Гармондарды қабылдап денем ісіп кетті. Өзімді-өзім танымай қалдым.. Ауруханадан шығып, бір ай дәрі қабылдап, екінші айда қайтадан жаттым. Анализдерімді көріп дәрігерлер «Гломерулонефрит» деген диагноз қойды. Жедел бүйрек жетіспеушілік. Диагнозды алғаш естігенде үлкен қорқыныш болғанын жасырмаймын. Дегенмен, жағдайым дәрі-дәрмектердің көмегімен жақсара бастады. Өкінішке орай жақсы күндерім ұзаққа созылмады. Аяғым қақсап жүре алмайтын дәрежеге жеттім. Сол күні Арыс аудандық ауруханасындағы дәрігер маған «облыстық ауруханасындағы дәрігер диагнозды сізге дұрыс қоймаған»,- деп басқа дәрілерді жазып берді. Ем қабылдауымды түбейгелі өзгерткен соң, ауруым одан сайын асқынып кетті. Дәрілерді ішемін деп тыныс жолдарым нашарлады. Ауа жетіспей қиналдым. Бармаған жерім қалмады. Ауырпалықтан аурып қалған шығармын деп молдаларға дем салдырдым. Тәуіптерге, емшіліерге де барып ақымақтық жасадым. Олардың қызметінен жақсарғаным жоқ. Бір күні күйеуім Қарабұлақ елдімекенінде жеке медицина орталығында жақсы дәрігерлердің бар екенін естіп, мені сол жерге апарды. Ондағы дәрігерлер алғашқы диагноздың дұрыс екенін айтты. Бірінші кезекте облыстық ауруханаға барып дәрігерге көрінуді кеңес берді. Қайтадан ауруханаға жатып ұзақ ем қабылдадым. Жағдайым дұрысталғандай сезімде болдым...
Дәрігерлер бүйрегімнің 90 пайызы жұмыс істемейін жеткізді. Түрім хәлі нашар адамға ұқсамайды, тәбеті де жақсы еді. Бірақ, «өлім мен өмірдің арасында тұр» дегенді естігелі денсаулығым нашарлап кетті. Ауырмаған жерім қалмады. Өмірім тозаққа айналды. Ауру жаныма қатты батқаны соншалық өлім деген осы екен деп ойладым. Артымдағы бес бірдей балаларыма қаншалықты жаным қиналып жатқанын білдіртпеуге тырыстым. Жағдайым күннен-күнге төмендегендіктен ауруханаға жатуыма тура келді. Дегенмен гемодиализ қабылдауға қарсы болдым.
Гемодиализ – арнайы аппарат арқылы адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту. Сүзгіден қан өткенде керек емес қалдықтар қалып қояды да, тазарған қан қайта ағзаға құйылады. Науқастың ағзасына байланысты қан бір аптада екі-үш рет тазартылып отырады. Маған бұл процесс қорқынышты болып көрінді.
Біз ауруханада жолықтырған жетісайлық бір жігіт гемодиализ қабылдап жағдайының дұрысталғанын айтып ағынан жарылды. Оның өмірі жеңілдегенін көріп мен де гемодиализге келісімімді бердім. Содан аптасына 3-4 рет гемодиализге барып жүрдім.Төрт сағат бойы барлық қаныңды сорып, қайта тазартып шыққанда сүйегіңді сындырғандай болады. Донар табылмаған науқастардың өмірін құтқарып қалатын жалғыз тәсіл осы еді. Естуімше кейбір науқастар 15 жыл бойы қабылдаған көрінеді. Осы тұста айтып өткім келетіні, Арыс қаласында гемодиализ жасайтын арнайы құрылғы жоқ. Сондықтан науқастар ұзақ жол жүріп, қалаға барып ем қабылдауына тура келеді. Ол әрине тиімсіз. Біріншіден, жеке көлікті қажет етеді, екіншіден науқасқа жол жүру өте қиын. Ал қазіргі таңда екінің бірі бүйрегім ауырады деп шағымданады. Сондықтан біздің қалаға құрылғы келсе, науқастардың өмірі жеңілдейтіні анық.
Жағдайымның қандай мүшкіл екенін көріп туған-туыстарым бүйрегін беруге келісімін білдіріп, анализ тапсырды. Олардың арасында сіңілімдікі ғана маған сәйкес келді.
Еліміз бойынша бүйрекке отаны А.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу орталығы жасайды екен, сол кезде. Бірақ, мен Шымкентте жасатуға бел будым. Ол шешімім дұрыс екеніне қазір толық көзім жетті. Облысымыздағы жоғары санатты дәрігерлерге сенім артуға болады екен. Сөйтіп 2015 жылдың 15-ші қазанында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында маған ота жасалып бүйрегімді ауыстырды. Ота сәтті өтті.
Отадан кейін көзімді ашқан сәтте бойымнан ауыр жүк түскендей болып, бір жеңілдікті сезіндім. Бір бүйрегін берген Гүлзира екеуміз он бес күн ауруханада жаттық. Қазір ай сайын анализ тапсырып тұрамын. Денсаулығым жақсы, бауырымның да жағдайы дұрыс. Менің ауруымнан айығып, отбасыма, ортама оралуыма осындай мүмкіндік сыйлаған Аллаға, сосын себепкер болған дәрігерлер – Шыңғыс Болатұлына, Вячеслав Реговичке, Қырғызбай Жаппарұлына алғысым шексіз...
Өмірімде болған ауыр күндер артта қалды. Жақындарыма, көмектесіп жатқан барша жұртқа рақмет! Бір түйгенім табыс деген ұғымды әркім әрқалай түсінеді. Біреулер үшін бұл – қызмет, мансап, енді біреулер үшін жай ғана берекелі отбасы болу. Табысты тек материалдық игілікпен байланыстыратындар да бар. Ауырып қалсаң тағдыр ойыңды бір күнде өзгертеді екен. Күресу қажет, керек болса өзіңмен күресуге тура келеді. Өмірге деген құштарлығымның арқасында ауруды жеңіп шықтым. Менің аурудан айығуым бүйрек трансплантанциясына мұқтаж басқа да науқастардың жүрегіне үміт отын жағады деген сенімдемін.
Өткен күн қайта келмейді. Мен өткенге оралғанды ұнатпаймын...
Гүлдана ДҮЙСЕХАНҚЫЗЫ,
Арыс қаласы