Балаға қауіпсіздік ережелерін үйрету маңызы
20-11-2019
Кейде өмір тек осында және қазір ғана өтіп жатқандай болады. Жағдайды ушықтырмай ретке келтіру мүмкін еместей көрінеді. Егер осы ой мазаласа, тоқта. Дем ал. Буддистердің «парасатты ақиқаты» туралы ойлан. Бұл ережелер шын мәнінде көп нәрсені өзгертеді.
Дуккха: Өмір – тым қайғылы, ол тек уайым тудырады.
Көп адам буддизмді пессимистік әрі кереғар пікірлі доктрина деп атайды. «Өмір деген қайғы шегу» дейтін догмасына байланысты айтылған ғой. Бірақ көпшілік бұл ойдың түйінін түсінбегендіктен солай ойлайды. Негізінде буддизм адамдарға «Өмір онша мейірімді емес, жағымды бола бермейді. Онда тұрған түк те жоқ» дегенді ғана айтқысы келген.
Өміріміздегі қайғының денін жанымызды ауыртпау үшін, ашу-ызаны жаншу үшін ғана шегеміз деп түйіндейді буддистер. Өмір бойына біреуден айырылу, қоштасу, қайғыру, сағыну, шаршау, алаңдау деген сезімдер боп тұрады. Бұлар өмірдің айнымас бір бөлшегі. Осының бәрінен басымызды алып қаша берсек, тек жаңа гаджетпен орнын толтырып, не есірткі қолдану, саяхаттау, кім көрінгенмен жүрумен оның бәрін жоқ қыла алмаймыз. Керісінше тек өзіңе зияныңды тигізесің. Өзіңе сенімің азайып, өмірден түңіліп, уайымың күшейіп кетеді.
Сонда күнделікті қайғыны қалай өткеру керек:
Толыққанды бақыт үшін бірдеңе жетіспей тұр деген ойдан аулақ бол. Дерт, қартаю, өлім – өмірдің бір парасы. Өмір қандай күйде бар болса, сол күйде қабылдап үйрен. Қияли болудың да шегі бар. Жақсы өмір тек оңай әрі жеңіл болуы керек дегеннен құтылу керек. Жақсы өмір еш жерің ауырмайды деген сөз емес. Мұндай қате пайымға шалдығуға сән, ойын-сауық, фармацевтика сынды индустриялардың күрт дамуы жол ашты. Өмірдің бары мен жоғын қатар көріп үйренсең, алдағы өмірде көңіл қалу, түңілу де азаяды. Сонда жүрегіңді беймәлім келешекке ашуға ынталы боласың. Сонда күнделікті күйзеліс пен сирек сәтсіздіктерге немқұрайлылық пайда болады.
Анитья: Өмір – үздіксіз қозғалыс.
Анитья немесе тұрақсыздық. Бұл пайым – біз білетін өмір үнемі қозғалыста дегенді айтпақ. Өткенге жол жоқ. Ертеңгі күнді қайталай алмаймыз. Келешектің де болу-болмауы екіталай. Ол елес қана.
Күнде таңертең оянған сайын сен басқасың. Дәл кешегідей емессің. Біздің жасушамыз ағзалық деңгейде өзгереді. Санамызда басқа ойлар пайда болады. Тәннің қызуы да кешегідей емес. Басқа ауамен тыныстап тұрмыз. Айналамыздың бәрі өзгерген. Оны байқамауымыз да мүмкін. Бірақ өмір өзгеріп отырады. Әрдайым солай.
Бір қызығы, өзімізді жайсыз сезінгенде, «тұрақсыздық» сезімі адамды тыныштандырады. Әлемде ештеңе де мәңгілік еместігін білсек, оның ішінде қайғы да бар, онда жамандықтың бәрі ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір таусыларын білеміз. Бірақ көңіліңе шаттық қонғанда оны ұзақтау ұстап қалғымыз келетіні рас.
Сондықтан осы ойдан қорқамыз. Дегенмен, дұрысы былай болуы тиіс: қуаныш өтіп кететін болса, онда мейлінше соған назар салып, уақыт бөлген жөн, сонда лайығынша тұшынасың.
Өмірдің тұрақсыздығы мен оның қаншалықты бағалы екендігін қабылдай алсақ, бұл адамның аяқ-қолын белгісіз кісеннен босатады. Будда осы ойды айтқан соң 100 жылдан кейін Батыста бұл ойды Гераклит жаңғыртты. «Бір өзенді екі рет кешіп өте алмайсың» деді. Қолда бары – осы сәт қана.
Оны күнделікті қалай қолданады:
Өзгерістерді тойлай біл. Әдеткі дүниенің бәрі түбінде таусылады. Бүгін төбе құйқаңды шымырлатқан нәрсе, ертең бітеді. Жақсылықтың бәрі жүректің түбінде сақтаулы. Егер жақсылықтан ләззат алып үйренсең. Қарым-қатынас жаңа туфли, айфоннан маңызды. Заттың сыйлар қуанышы әрі кетсе бірер күн. Сондықтан баламен өткізген уақыттың құны жоқ.
Анатма: Өзің үнемі өзгеріс үстіндесің.
Психиатр пациенттерінен ем біткенде қандай нәтиже күтесің деп сұрағанда көпшілік, «Өзімді тапсам екен» деп жауап береді екен. Әлемдік мәдениет адам бойында өзгеріссіз қалатын «мені» бар дегенге сендіріп бағуда. Жүрек пен бауырдың ортасында ма екен? Әлде санада ма? Кім білсін?!
Буддизм тұрақты «мен» жоқ дейді. Өмір өзгермелі, тұрақсыз болғандықтан адам да, оның мінезі де өзгеріп отырады. Адам тұлға ретінде тез жетіледі. Жылдам өзгереді. Тәніміз, жұмыс орынымыз, аты-жөніміз, мамандығымыз – өзіміздің даралығымызды көрсетуге тырысатын құбылыстар. Тұрақты етуге септеседі.
Бірақ ең бастысы – бәрібір бір қалыпқа сыймайтындығымыз. Ол үшін де еңбек ету керек. Екінші жағынан, өмірді өзгертуге ықыластанбасақ, ол өзгермейді.
Күнделікті мұны қалай қолдануға болады:
«Өзіңді іздей» бергенше, әр сәт сайын өзіңді жасап үйрен. Тұрақты «мен» жоқ. Тек осы сәттегі өзіміз бармыз. Қалаған уақытта өзгере аламыз. Бүгін әрқашанда кешеден бөлек. Бүгін күйзелісте болсаң, ол мәңгілік сенімен бірге болады деген сөз емес.
Достарыңды, туған-туысыңды қазір кешіре алмасаң, онда оларда біраздан соң да кешірмейсің дегендік емес.
Тұрақты «менге» жабыспай, ол ойды еркіне жіберсек, келесі сәтті қарсы аламыз. Ертең бәрібір бәрі басқаша болады. Өмірдің әр сәтінде сен жаңарып отырасың.
Ведалар
Аударған Шынар Әбілдә