Басыңа не түссе де, өмірді таңда

Oinet.kz 08-11-2019 979

өмір таңдау.jpg

Бұл сондай ойын. Ереже туралы бар білерім – өмірде оларды сақтау керек. Егер, мәселен, сен өзен болсаң, онда сол жағалау мен оң жағалауды кезек сүйіп ағасың. Маяк болсаң, адамдар мен кемелер жолынан адаспасын деп жарқырап тұруың қажет. Егер ұшы-қиыры жоқ орман болсаң, ылғал, ауа, жылудың ара салмағын шендестіріп отыруың шарт.

Бірақ сен – адамсың. Қанша тырыссам да, саған ереже құрау үлкен әуре екенін түсіндім. Сен ең мейірімді бола тұра – жеңіліп қалуың мүмкін, ешкімді ешқашан алдамай – адал болып өтуің ықтимал, өзіңе ең мықты сауыт жасап алсаң да – оны бір құшақпен-ақ күйрететіндер табылады. Артық қыламын деп ақырында: «Бәрін құрттың!» дегенді естисің. «Қайырлы түн!» дегенді біреуге жіберемін деп екінші адамға қателесіп жіберіп, «Сен мені жаман түс көруден құтқарып қалдың» деген жауап аласың.

Бұл ойын осындай: бейсауыт жолаушы сен іздеп жүрген сұрақтың жауабын айтуы мүмкін, баратын жердің мекен-жайын жоғалтып алған саяхат өмірдегі ең қызық саяхат болуы, бір кездескенде тіл табыса алмаған адам – ақырында қал-меңіне дейін сенімен бірдей болып, саған өзің ұмытқан өзіңді еске түсіруі ықтимал, бәлкім, еске түсірмей, тек жаңадан өзіңді жасауға көмектесер. Болжауға келмейтін дүние жетіп артылады. Елдің бәріне бірдей қызмет ететін ереже – өте аз.

Сондықтан, басыңа не түссе де, өмірді таңдауды басты ереже деп біл.

Air Glow

Аударған Шынар Әбілдә

Әйелдің күйзелісі мен құмарлығы
Жыныстық қуат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу