Бақытты әйел

Oinet.kz 07-11-2019 1264

әйел бақыты.jpg

Шынайы әйел заты өмірде өте ыңғайсыз жаратылыс. Нені қалайтынын анық біледі. Сұрауға да қысылмайды. Өзін қатты бағалайды. Өзін саудаға салмайды. Өте сезімтал. Кейде тіпті шектен тыс сезімталдығы сезіледі. Өзін ести біледі. Өмірдің мәнін түсінеді. Одан бас тартуға дайын болмайды. Ол өте елгезек. Робот емес, қуыршақ емес. Оны болжап білу мүмкін емес. Құбылмалы, сезімтал, ақкөңіл. Соның салдарынан - ыңғайсыз. Оны түсіну, өзіңе бейімдеу мүмкін емес. Жай пайдаланып кету де қиын.

Өмірде, тұрмыста бәрін өзі арқалайтын әйел ыңғайлы. Тіпті сұрамаса да бәрін өзі істей беретін әйелді бәрі аңсайды. Яки, төсекке тез көндіруге болатын әйел де ыңғайлы. Еш жауапкершіліксіз, еш уәдесіз. Ештеңе қаламайтын, ештеңе сұрамайтын әйел де ыңғайлы. Сезімінің бәрін тығып ұстап, ешкімге ештеңесін білдірмейтін әйел де ыңғайлы. Ешқашан айғайламайтын әйелден ыңғайлысы жоқ. Жылдар бойы зайыбының қызметін орындап, бірақ некесіз тұра беретін әйелдер бар. Еркектен айырылып қалам деген үреймен өмір сүреді. Еркекпен қатар ақша табатын әйел ыңғайлы.

Үнемі джинсы сүйретіп – сол шалбармен жүргенде бәрін істеп үлгеретін әйел ыңғайлы. Немесе күйеуінің барлық қоқан-лоққысына төзе білетін әйел ыңғайлы. Өзін ұмытып, ері үшін ғана өмір сүретін әйел ыңғайлы. Немесе жоқ дей алмайтын, өзгенің тілегі мен ойын оңай сіңіре беретін әйел ыңғайлы. Мұндай әйелді сүюге бола ма? Ол өзін шын мәнінде құрметтей ала ма?

Әйел екі мүмкін жолдың бірін таңдайды деген жорамал бар. Не ыңғайлы болады. Не бақытты болады. Бұл екі жол екі бағытқа бастайды. Екі жолдан екі түрлі дүниені үйренеміз.

Бақытты болу үшін өз жүрегімізді тыңдап үйренеміз. Жүректің таңдаған жолымен жүреміз. Ыңғайлы болу үшін айналаңдағылардың пікірін тыңдасаң жеткілікті. Солардың дегеніне иіле бер. Өзің қаламасаң да солай етсең, сенен ыңғайлы адам болмайды.

Бақытты болу үшін тілек тілеп үйренесің. Тілегеніңе сай болуды. Махаббат сыйлап, өзің де махаббатқа жүрегіңді ашып. Ыңғайлы болу үшін қолдағыңның бәрін беріп, есесіне ештеңе сұрамауың қажет.

Бақытты болу үшін әлеуетіңді ашуың керек. Ыңғайлы болу үшін жасауға тиіс, мынау дұрыс дегенді жасасаң да жеткілікті. Тіпті осының бәрі өзіңе жат болса да жасай бер.

Бақытты болу үшін жоқ деп айта білу маңызды. Мәдениетті түрде, ешкімнің көңіліне тигізбей. Бірақ көңілің қаламағанның бәріне жоқ дей алу. Адамдарға, қажетсіз әрекеттерге, пайдасы жоқ тамаққа. Ыңғайлы әйел ұсынғанның бәріне мақұл дейді. Не берсе де, қанша берсе де бас шұлғиды. Ыңғайлы әйел мүлде бас тарта алмайды.

Бақытты болу үшін кейде, тіпті көбінесе ағысқа қарсы жүзу керек. Топ қарғаның ортасында ақ қарға болуға тура келеді. Басқаларға бір түрлі көрініп, бөлек көзқарасты адам болып көрінуге дайын бол. Ыңғайлы болу үшін жұрт жасағанды жасай бер. Оған бас қатырып та керек емес.

Ең бастысы бақытты әйелдің таңдауының ақырында - айналасының бәрі бақытты болмақ. Ыңғайлы әйелдің жанында бақыт жоқ. Бір-бірін пайдаланғаннан көңілі тоқ болар, бәлкім. Ал бақыт жоқ.

Аглая Датешидзе

Аударған @shinarabelda

Энергия алмасу принциптері
Абай Құнанбайұлы. Өсиеттері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу