Ұлға әке керек
Ұл балаға әке керек. Әрдайым, ешбір сылтау-себепке қарамастан. Қазіргі заманда көп адам басқаша ойлайтынын білемін. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дағдарысты бастан кешіп жатыр. Жалғызілікті аналар саны күрт артты. Ұлдарын бір өздері ғана өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Шыны керек, көбісі тамаша тәрбиелейтіні де рас.
Қазір әкенің рөліне, азаматтың әдебіне, тәрбиесіне қатысты көп дүние өзгеріп жатыр. Кей дүние ескіріп те кеткен шығар. Мейлі. Өмір ғой, солай болуы керек те болар. Бірақ ұл балаға әке ауадай қажет. Дұрыс тәрбиеленіп, саналы түрде жетілу үшін – әкенің рөлі ерекше. Бұған жүз пайыз сенімдімін.
Неге бұған сенімдімін? Себебі, өзім де әкесіз өстім.
Ол тоғыз жасымда үйден кетті. Негізі одан екі жыл бұрын бізбен тұрмай жүрді. Балалық шағымдағы әкемді еске түсіре алмадым. Бір-екі рет жолыққаным ғана есімде. Бітті. Ол бізбен әке болып бірде-бір рет футбол да ойнамапты. Екінші отбасы болды. Сосын білуімше, үшіншісі де болған. Анам інім екеумізді өзі тәрбиелеп, жеткізді. Жақсы адам етіп тәрбиеледі.
Алайда кейін еншімді алып, бөлініп шыққанда өзімді танумен айналыстым. Өмірде ненің маңызды, ненің аса мәнді емесін түсіне бастадым. Сол кезде барып әкемнің жоқтығынан қарапайым нәрселерден мақұрым қалғанымды түсіндім. Бойымда тұнған комплестерім, өзіме ғана аян кемшіліктерім көп екенін мойындадым. Ашуланшақ едім, онымды ет жақындарым жақсы сезінетін. Өміріме көлеңке түсірген қателіктің бәрі менің карьерамды кейінге қалдыра берді - менің адамдармен қарым-қатынасыма қатты әсер ететін. Бұның барлығы өзімнің сенімсіздігімнен екенін түсіндім. Бұл сенімсіздік жасөспірім кезден, ұлдың анасынан ажырап, әкесіне тән бола бастайтын кезде жалғыз қалғандығынан екенін түсіндім. Мен өстім де, бірден үйдің ересегі, арқа сүйер азаматы бола салдым. Бұл жүкті қалай арқалау керегін білмедім.
Әр ұлдың жанында осы кезде әкесінің болғаны маңызды. Әке қолдайды, мақұлдайды, керек жерінде – тектеп отырады. Бірақ тек бұл үшін емес. Жасөспірім ұл үшін өте маңызды тағы бір дүние бар. Айтайын дегенім де сол еді. Сен сүйенетін арқа сүйерің, сенен де мықты, қайратты, сенімді, бәрін білетін адамның болуы. Ұл бала сенімді әкеден алады. Тамырын енді жайған өскін жайқалып өсу үшін күнге қалай мұқтаж болса, ұл бала да әкеге сондай мұқтаж. Осы сенімді сезініп өссе, ұлдар ұядан бүтін жүрекпен ұшады. Асқар тауы әкесі барын сезініп өссе, ту сыртында берік қамал бардай сенімді өседі. Сені әрдайым түсінетін, қолдайтын, ненің дұрыс екенін көрсететін әкенің болғаны қандай жақсы. Мұнымды ту сырты бос қалған, сүйенер тірегі жоқ жігіттер ғана түсінер.
Әр бала үшін әке – қаһарман, ол еліктейтін бірінші адам. Мұндай өнегеден қағыс қалу жанды қинайды. Әкенің қорғансыз, пияншік, сөзінде тұра алмайтынын көру өкініш. Бұндай әкелер ұл баланың бойынан кінәмшілдікті, керексіздікті тәрбиелейді, өзіне деген сенімді жояды. Жеке басымдағы кінәмшілдігім – содан туған деп айта алам.
Сосын ұлдарға еркектерге ғана тән қасиетті сезіну, жекелей ғұрыптарын көріп өсу маңызды. Әкесінің қалай киінгені, қолына ұстара ұстағаны, қырынғаны, достарымен сөйлескені. Жұмысты қалай жасайтыны. Көлікті жүргізгені. Арақ ішкенін де көруі тиіс. Осыны көріп өскен ұл көп нәрсені түсіндірместен-ақ үнсіз түсініп алады. Көрмей өскен бала бәрін өзі жүріп үйренуге тырысады. Мен солай үйренгенмін. Мен азаматтардың жақсы өнегесін кітаптардан, көшеден, кинодан іздейтінмін. Табан тірер тұғыр іздедім. Өте ұзақ іздедім. Азапты ізденіс. Бұл ізденіс көп дүниеге көзімді ашты. Бұлай ізденбесем, көп нәрсені білмей қалар ма едім. Егер өмірде жетістікке жеткен болсам – бәрі сол ізденгіштігімнің арқасында. Бәрін өзім шешсем дегенімнен.
Бірақ шыны керек мен мұндай ізденісті дұшпаныма да тілемес ем. Ешкімнің ұлына мұндай ауыр жолды тілемеймін. Бұл дұрыс емес. Олай болмау керек.
Ұлдарға әке керек. Есі дұрыс, саналы әке керек. Жауапкершілікті сезінетін әке керек. Жауапкершілік деген – өмірде ең маңызды қасиет. Қалғаны ұсақ-түйек. Ақша, көлік, қымбат зат, сыйлық, шетелге бару – бұның бәрі қоқсық. Бұның бәрі жоқ болып, қасыңда саналы әкең болса – әр ұлдан жақсы жігіт өсіп шығады. Бәрі бар, бірақ әкең болмаса – қолда бардың қадірі жоқ бола салады.
Қазір елдің жартысы ажырасқан. Ессіздікке толы қарым-қатынастар көп. Бала-шағасын өзі ғана тәрбиелейтін жалғызбасты аналар көп. Ата-аналар баланың көзінше бір-біріне ғайбат сөйлейді. Ерегесі көп. Осының бәріне ең алдымен біздер, еркектер, кінәліміз. Себебі, біз отбасы құрғанда бірінші парыз деп жауапкершілікті емес, басқа дүниені ту қылып көтереміз. Ақша, әйел, қызық думанды. Біздер, көпшілігіміз әкесіз өскен буынның ұрпағымыз, солардың бастағанын жалғастырып келеміз – «саналы әке» дегеннің не екенін ұқпайтын ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз. Олар бұл тәжірибесін келесі ұрпаққа дарытады. Оған сенімдімін. Ес жияйық.
Әкелер, сіздер ұлдарыңызға керексіздер. Ұлға сенім беру үшін барсыздар. Әрдайым қасынан табылуды ойлаңыздар. Жүректі өз ұрпағыңа арна. Әкесі бар ұлдар осал болмас. Ешқашан. Әкенің үмітін ақтайды. Сенімінен шығады. Арқасынан қос қанаты өсіп шығады. Әкесінен асып тұрады. Әкесінің асқарынан да биікке талпынады.
Біздерге – тоқсаныншы жылғы кінәмшіл, тамыры бүлінген ұрпақтан басқаша, әлдеқайда саналы, шынайы, жауапкершілігі бар азамат боп өседі. Санасы бүтін, әділ, адал, сенімді азамат болады. Әкесі жоқ ұлдар - біздер сияқты боп қалады.
Ержан Есімханов
Аударған Шынар Әбілдә