Балаларын митингке ертіп шығатын ата-аналарды жауапқа тартуы мүмкін
Сенатор Сәуле Айтпаева 16 жасқа дейінгі балаларды митингке шығарып, қандай да бір қауіпті іске араластырмау мақсатында ата-аналарын жазаға тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
«16 жасқа толмаған балаларын митингке алып шығатын ата-аналарды жауапқа тартуды ұсынып отырмын. Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте заңсыз шеруге қатысқаны үшін 16 жастан бастап жауапкершілік қарастырылған. Алайда 16 жасқа толмаған балаларын митингке шығаратын ата-аналар үшін жауапкершілік көзделмеген», - деді Сәуле Айтпаева сенат отырысында.
Ашынған ата-аналар тіпті сенат депутаттарына хат жазған сыңайлы.
«Жаздың аптап ыстығында көпбалалы аналар парламенттің алдында балаларымен бірге отырғаны естеріңізде шығар. Осыны көрген басқа ата-аналар маған хат жазып, олар өз балаларын мұндай қауіпті шараларға қатыстырмау керектігін айтты», - дейді сенатор.
Сенат депутаты Сәуле Айтпаева мұндай ұсыныс тастауының себебі – кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігі екен.
«Ата-аналар, ең алдымен, балаларының қауіпсіздігін ойлауы тиіс. Әрине, оларды да түсінуге болады, көбісі сол балалары үшін шығып жатыр. Бірақ, балаларға, олардың өміріне қауіп-қатер төнбеуі керек», - деді Сәуле Айтпаева.