Жұлдыздар балаңыздың тұсауын қаншаға кесіп береді?
Тұсаукесер – табаны жерге тиіп, қаз-қаз басқан сәбидің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы, тойдың басы. Қазіргі таңда балалардың тұсауын жұлдыздарға кестірту сәнге айналды және олардың бағасы белгілі болды, деп хабарлайды oinet.kz тілшісі stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарақат Әбілдина
Тұсаукесуші жұлдыздар тізімінің көшін бастап тұрған Қарақат Әбілдина. Той болардан үш-төрт ай бұрын айтып қоймасаңыз Қарақатты қармағыңызға түсіру қиын. Тойға келіп, әнін айтып, тұсауын кесіп, бата беруі 7 000 доллар. Одан бөлек екі кісіге ұшаққа бизнес-класстан билет және люкс жатын орнын аласыз. Күнін бекіту үшін 50 % алдын-ала төлем жасауыңыз керек. "Күрмеуіңді шешейін, тұсауыңды кесейін" деп тілегін айтып, 10-15 әнін орындап кете барады.
Жанболат пен Жазира
Жанболат пен Жазира дуэті еліміздің батыс өңірлері үшін 2 миллион теңге. Одан бөлек екі кісіге жолы мен жатын орнына шығындаласыз. Жарты ақшасын алдын-ала төлеп қоюыңыз керек. "Саған мәз боп қараймыз, қадамыңды санаймыз, қаз-қаз басып көрші тағыда", - деп сызылтып ән салатын Жазира тойыңызда 10 ән айтып, ақ тілегін жаудырып қуанышыңызды бөліседі.
Сәкен Майғазиев
Сәкен мырза тұсау кесуден алдына жан салмай тұр. Алматы қаласында болсаңыз жолыңыз болды. Жұмыс орнына немесе сол маңға жақын орынға шақырып тұсауын кестіріп алсаңыз болады. Ал алыс қалаға шақыратын болсаңыз бір ай бұрын Сәкен мырзаны құлақ қағыс қылып қойыңыз. Тұсау кесуге "ставкам" бәленбай деп осы күнге дейін айтып көрмеген Сәкен мырза жағдайыңыз көтерген сомманы алуға дайын. Бірақ алыс қалада тұрып, тойыңызға тілегі мен әнін айтып, тұсауын кестіріп қаламын десеңіз жолы мен жататын орнын және 4 мың долларды төлеуге тура келеді.
Нұржан Керменбаев
Нұржан Керменбаевтың тұсау кесу үшін арнайы бағасы бар. 1 500 000 теңге төлейсіз. Одан бөлек екі адамның жолын жататын жерін, тамағын төлейсіз. Тұсауын кесіп, батасын беріп, 5-6 ән айтып тойыңыздың қызметінде бас аяғына дейін бірге болады. Құр тұсау кесіп емес, келген соң миллионға тұрарлықтай өнерін көрсетіп кетеді.
Алтынай Жорабаева
Алтынайдай алтын әншінің жолын қызыңызға берсін, халқының сүйіспеншілігіне бөленсін десеңіз 4 мың долларды беріңіз. Екі адамға жолы мен қонақ үйден бір номер жалдап қоясыз. 4-5 әнін айтып, шыр-дөңгелек билетіп, көңіліңізді көтеріп, балаңызға ақжол тілеп кеткені барлығы сол ақша ішінде. Егер жағдайыңызды айтып, келіссеңіз Алматы қаласы үшін 3 мыңға келуі де мүмкін. Әнші қарындасыңызды тұсау кесіп ақбатасын бергені үшін тағы да сыйлаймын десеңіз мерейін үстем етесіз.
Тамара Асар
Тамара қыздарыңыз балаңызға тұсауын кесіп, жолын ашсын десеңіз 4 мың долларды дайындай беріңіз. Егер сіз арнайы шақыратын болсаңыз жолы мен жататын жерін екі адамға әзірлейсіз. Ал егер жолы түсіп сіз тұратын қалаға барса, қуанышыңызды бөлісуге дайын. Тек "құрқақ қасық ауыз жыртар" дегенді ұмытпасаңыз болды.