Жауапкершіліктен жұрдай Төреғали Төреәлі тағы да алдап кетті
Отандық музыка нарығында «Qazaq Music Awards» премиясы тұсауын кеспек. БАҚ өкілдерін жинап, алғаш баспасөз-мәслихатын өткізген марапат ұйымдастырушылары сан соғып қалды. Салтанатты кеш хедлайнерлерінің бірі ретінде таңдалған Төреғали Төреәлі журналистермен кездесуге келмей қалды, деп хабарлайды oinet.kz тілшісі Ревю арнасына сілтеме жасап.
- Жауапкершілік жетіспейді. Өйткені, әртіспен келіскеннен кейін, іс жүзінде бәрі бос сөз болып қалады. Демек, ол жауапкершілікті сезінбейді деген сөз, - дейді музыкалық марапаттың режиссері Адрей Еремин.
Ұлы дала баласының бұл қылығына әріптестері де үйреніп қалған сыңайлы. Қолдарын жеңіл сілтейтін болған.
- Шынымды айтайын, нөмірі жоқ менде. Сахна сыртында кездесеміз, сәлеміміз түзу, жылы-жылы сөздерді де айтып тұрамыз. Бірақ, араласатындай онымен мүмкіндігім жоқ, -дейді Әли Окапов
Қазақ өнерін дәріптейміз деп ұрандатқан ұйымдастырушылар, кью-поп өкілдерін жобаға қатыстырмаймыз деп отыр. Себебі, «Ninety One», «EQ», «MadMen» сынды топтар, пайымдауларынша, кей-поптың көшіремелері. «Qazaq music awards» салтанатты шарада 20 номинация бойынша, түрлі музыкалық жанрдағы әртістер марапатталады. Әрбір жеңімпазға – 3 млн. теңгеден табысталмақ.