Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Oinet.kz 24-07-2026

Қазақстанда базалық мөлшерлеме 16,75%-ға дейін төмендеді. Ұлттық банк мұны инфляцияның төмендеуі, теңге бағамының нығаюы және экономиканың тұрақты өсімімен түсіндірді.

Screenshot_1.jpgҰлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен белгіледі.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан төмендеп келеді. Маусым айының қорытындысы бойынша инфляция 10,3%-ды құрады. Мамырда бұл көрсеткіш 10,4% болған. Азық-түлік бағасының өсімі 10,7%-дан 10,4%-ға дейін баяуласа, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7% деңгейінде сақталды. Қызмет көрсету саласындағы инфляция 9%-ға жетті.

Ұлттық банк инфляцияның бәсеңдеуіне жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы және үкімет пен ұлттық банк қабылдаған инфляцияға қарсы шаралар ықпал еткенін атап өтті.

Сонымен қатар сыртқы факторларға байланысты тәуекелдер әлі де сақталып отыр. Таяу Шығыстағы шиеленістің қайта күшеюі энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне әсер етсе, әлемдік азық-түлік нарығында өсімдік майы мен ет қымбаттап, астық бағасы төмендеп жатыр.

Экономика да оң өсім көрсетуде. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1%-ға өсті. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік салаларында жоғары өсім сақталды. Инвестициялар көлемі 9,6%-ға артса, бюджет қаржысын есептемегендегі шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 28,9%-ға көбейді.

Ұлттық банк инфляциялық тәуекелдердің әлі де жоғары екенін атап өтті. Олар жанар-жағармай бағасының, коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуімен, тұтынушылық сұраныстың күшеюімен және сыртқы инфляциялық қысыммен байланысты.

Реттеушінің мәліметінше, базалық мөлшерлемені төмендету инфляцияның баяулауын ескеріп қабылданған. Алдағы шешімдер инфляцияның нақты динамикасына және ішкі-сыртқы экономикалық жағдайға байланысты қабылданады.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 4 қыркүйекте Астана уақытымен 12:00-де жарияланады

Блогер Ырысбала Икрамбай күйеуімен ажырасқалы жатыр
Ұлттық банк төрағасының орынбасары 64 875 теңге айыппұл арқалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу