Айт пен Тәшенов тағылымы тоғысқан күн
20 наурыз күні ұлы тұлға Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтың туғанына 111 жыл толуына орай ескерткіш басына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталған тағылымды іс-шара Тәшенов университетінде жалғасын тапты. Аталған шара университет ректоры Қанат Сейітжанұлы Байболовтың қатысуымен өтті.

Салтанатты жиында жиналған қауым алдымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына тағзым етіп, оның ел үшін атқарған ерен еңбегі жайында тағылымды ойларымен бөлісті. Ректор Қ.С. Байболов өз сөзінде Тәшеновтің ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтіп, жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара одан әрі Педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары институтында жалғасын тауып, институт директоры Шолпан Жақсылыққызы Арзымбетованың ұйымдастыруымен айт мерекесіне арналған дастархан жайылды. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер бір дастархан басында бас қосып, ұлттық тағамдардан дәм татты.


Жиын барысында үлкендер бата беріп, ізгі тілектерін арнаса, жастар ұлттық дәстүрдің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Мұндай тағылымды шаралар студенттердің рухани дамуына оң әсер етіп, олардың бойында адамгершілік, имандылық және ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастырады. Аталған іс-шара – ұлы тұлғаның мұрасын дәріптеп қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге беретін, тәрбиелік мәні зор басқосу болды.
Ақмарал Әбибұлақызы Маманқұл
Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы


