Ақтауда жасөспірім жігіт қызды аяусыз соққыға жыққан
Әлеуметтік желіде Ақтаудағы сауда орталықтарының бірінде жасөспірім жігіттің қызды соққыға жыққан сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғаға қатысқан екі жасөспірім де полиция бөліміне жеткізілген. Жасөспірімдер мен ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
"Оқиғаға қатысты материал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға қарау және тиісті шара қабылдау үшін жолданды", – деп мәлімдеді полиция департаментінде.
Жасөспірім профилактикалық есепке алынды, ал оның анасы ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


