«Кіршіксіз жаныма түкіріп жібергендей болды» Танымал журналист «Нурикамал» қойылымын сынға алды

Oinet.kz 28-01-2026 75

Танымал журналист Айгүл Болатханқызы желідегі парақшасында Сәбит Әбдіхалықтың жетекшілігіндегі Nazar театры сахналаған «Нурикамал» қойылымына қатысты өткір пікір білдірді. Ол әлеуметтік желіде жазған жазбасында қойылымның өзіне мүлде ұнамағанын ашық айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

MyCollages (4).jpg

Журналист қойылымды көргеннен кейін қатты көңілі қалғанын жасырмай, қойылымдағы оқиға желісі мен кейіпкерлердің бейнесі әннің шынайы тарихына сай келмейді деп есептейді.

“Нұрикамалға” бардым. Сәбитті сыйлаймын, аман-сәлемім түзу, бірақ ренжімесін, ұнамады. Мүлде ұнамады. Өтірігі десем артық, қоспасы бар, әйтеуір. Бұл әннің тарихын ең бірінші, 2000 жылдардың басында ма екен, ұмытпасам, Ертай бауырым жазды ма екен, есімде жоқ, одан бері де ширек ғасыр өтті, газеттің қиындысы болуы керек менде, іздейтін уақыт жоқ… 

Сол кезде жазылған “Бір ән тарихындағы” Нұрикамал болмысы бөлек, мына қойылымдағы кейіпкер біртүрлі соған қарама-қарсыдай көрінді,  қабылдамадым. Бір топ жастың таудағы серуеніне жұмысына байланысты бөгеліп кешігіп келген қызды құрбысы қызметіне бола құрақ ұшқандай әсер қалдырды. Қыз да қызметін малданғандай көрінді. Екі бойдақ жігіт өмірінде қыз көрмегендей өзеуреді, біртүрлі қорлап жібергендей әсер етті. Ханбибі күйеуі Тұрдықылышты тура сол сәтте қызғанды ма, бірдеңе. Түк ұнаған жоқ". 

Сондай-ақ журналист фильмде Ханбибі ақынның бейнесі де қате берілгенін атап өтті. Журналист Ханбибі ақынды өжет, бірбеткей, адамгершілігі биік тұлға ретінде білетінін айтып, қойылымдағы ашулы әрі қызғаншақ кейіпкермен келіспейтінін жеткізді.

"Ханбибі ақын да тегін адам емес. Бірбеткей, өжет, өзінің ұстанымынан айнымайтын мінезді адам екенін білем. Қателеспейтін болармын, әйтеуір солай қабылдағам. Ол  шыж-быж етіп біреудің көзінше байын қызғанып шығатын қойылымдағы кейіпкердей емес. Сондықтан мұндағы Ханбибіні қабылдағым келмеді" - дейді журналист. 

"...Ал қойылымда ақын болған соң “сөзін мен жазбай кім жазады” дегізгісі келді ме, әйтеуір, мәжбүрлеп, өзін біреу күштеп, ұрсып сөзін жаздырғандай ма, бірдеңе, қысқасы. Ондағы ызаланып ренжіген, зорыққан ақын маған ұнаған жоқ. …Нұрикамалдың орнында дәл бүгінгі заманның бір даңғойлау шөпжелкесінің бірі болсыншы, көйлегіне сыймай кергір ме еді… Нұрикамал - өте парасатты жан, ақылдың иесі, менің түсінігімше. Ал Тұрдықылыш - сезімнің адамы, сезім болмаса, ән туа ма? Ән де - кім көрінгеннің басына қонбайтын, жүрегіне ұя салмайтын киелі ақ құс. “Екеуара бір тентек ұл жүрсін, үш қызға бауыр да керек” дегенді Хан-апаның кейінірек, әбден сыралғы жақынға айналғанда айтқаны (солай ойлаймын). Онда да әйелді әйел ретінде түсініп Нұрикамалдың жалғыздығына жанын ауырта білгеннен шыққан сөз болуы. Ол ақын ғой! Жеке адамның трагедиясын жанынан өткізе алмаған ақын “ұлтым”, “халқым”, “жерім” деп кесек сөз арнай алар ма еді? Сүйкімді қыздың тұрмысқа шықпай жалғыз өтіп бара жатқаны ақын ретінде, әйел ретінде жан ауыртқаны рас. Анау әңгіме содан шықса керек… 

Не болса да, ән қалды! “Нұрикамал” әні тұрғанда сол кездегі жаны таза сүйкімді қыз, парасатты, дегдар Нұрикамал ұмытылмайды. Тұрдықылыш ағаның басқа әнін біле бермейді екем, бірақ ең ұлы махаббатқа, мейлі, ол тіпті бір сәттік қана сезім болсын, ұнатып қалған, ұнап қалған сол бір қыз - Нұрикамалға ұмытылмайтын аяулы да нәзік ән қалдырды. Ханбибі апа ол Хан-апа ғой! Өр, асқақ, мінезді, сұлу ақын! Сәбиттің “Нұрикамалы” менің ғажап әлемімді былғап, кіршіксіз жаныма түкіріп жібергендей әсер етті. Сол үшін ұнаған жоқ. Ренжісе, ренжи берсін".

Журналистің айтуынша, «Нурикамал» әні – таза сезімнен, ішкі толқыныстан туған туынды. Ал фильм сол қасиетті, нәзік рухты жеткізе алмаған.

Балғынбек Имаш Дикий Арманды танитынын айтты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу