Ғабидолла Әбдірахымов жаңа қызметке тағайындалған болуы әбден мүмкін
Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидулла Абдрахимов шамамен бес жылға жуық үнсіздіктен кейін Түркістан облысында қуаты 1 000 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысы барысына арналған жұмыс кеңесінде көзге түсті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі "Отырар"арнасына сілтеме жасап.

Оқиға орнынан түсірілген фото және бейнематериалдар әлеуметтік желілердегі @ccgt_turkistan аккаунтында жарияланған. Бұл - «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес ұйымы саналатын «ПГУ Туркестан» ЖШС-нің жұмыс парақшасы. Жарияланымдарға берілген сипаттамада «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ басқарма төрағасының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары Ғабидулла Абдрахимов компания басшылығы құрамында нысанға жұмыс сапарымен барып, стратегиялық жобаның жүзеге асу қарқынымен танысқаны айтылған. Алайда қазіргі уақытта компанияның ресми сайтында оның жаңа тағайындалуы туралы ақпарат жоқ.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ басқарма төрағасы қызметін Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, 60 жастағы Маулен Айманбетов атқарып келеді. Қордың ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, басқарма төрағасының екі орынбасары бар: бірінші орынбасары - Ғабит Малғаздаров, сондай-ақ экономика және қаржы мәселелеріне жетекшілік ететін Болат Мұқышев.


