Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер

Елімізде соңғы жылдары ауқымды реформалар жасалуда, мемлекеттік басқарудың саяси жүйесі түбегейлі өзгеруде.
Бұл ретте, осы бастамалардың сапалы жүзеге асуы – Мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді адал және әділ атқаруына тікелей байланысты.
Өткен жылы, Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік қызметтің беделі мінсіз болу керектігі көрсетілген.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қаңтар айында мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауаптылығына қатысты тиісті нормативтік – құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.
Аталған өзгерістерге сәйкес, енді мемлекеттік қызметші қазіргі уақытта басқа мемлекеттік лауазымда болса да, бұрынғы қызмет орнында жасаған тәртіптік бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылатын болады.
Бұл өзгерістердің мақсаты – жауаптан жалтару мүмкіндігін болдырмау және қызметтік тәртіпті күшейту.
Тағы бір маңызды жаңалық – қызметтік тергеп-тексеру рәсімдерінің нақтылануы. Егер тәртіптік теріс қылық бұрынғы лауазымында жасалған болса, қызметтік тергеп-тексеру рәсімдері дәл сол мемлекеттік органмен қаралады. Бұл өзгеріс қызметтік тергеп-тексеру рәсімдерінің айқындылығын арттырады.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші атқаратын лауазымынан босатылған жағдайда, алынбаған тәртіптік жаза автоматты түрде жойылған деп есептеледі. Бұл норма қызметшілердің құқықтарын қорғауға бағытталған.
Бұл тұста, мемлекеттiк қызметке кіру тәртібіне де өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметтен шығарылған азаматты, қызметтен шығарылған мерзімнен екі жыл өткеннен кейін, мемлекеттік қызметке қайта қабылдауға болатын өзгеріс енгізілді.
Айта кету қажет, өзгеріске дейін мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейтін.
Әдеп Кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну талабы қойылған.
Сол сияқты, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.
Жалпы, ағымдағы жылғы өзгерістер мемлекеттік қызметті кәсібилікке, әдептілікке және жоғары жауапкершілікке бағыттайды.
Бұл өзгерістер мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырып, қоғамның сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Абылайхан Дағыстанұлы Наурызбаев,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы


