Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлес

Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.
Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.
Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.
Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.
– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.
Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде дипломатиялық байланыстардың әрбір қадамы мемлекеттердің қауіпсіздігіне, экономикалық мүддесіне және халықаралық аренадағы беделіне тікелей әсер етеді. Қазақстан Президентінің АҚШ Президентімен бірге Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесуі – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды оқиғалардың бірі. Бұл көпжақты дипломатиялық диалог Қазақстанның бейбітшілікке бағытталған саясаты мен геосаяси салмақтағы орнын айқын көрсетеді.
Ең алдымен, бұл байланыс Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ұстанымының өзектілігін танытады. Таяу Шығыс – әлемдегі ең күрделі өңірлердің бірі, онда болатын кез келген шиеленіс жаһандық тұрақтылыққа әсер етеді. Қазақстан бұл аймақта ұзақ жылдар бойы бейбітшілік пен келіссөздер процесін қолдап келеді, соның ішінде Сириядағы Астана алаңы да еліміздің жауапкершілігі жоғары дипломатиясының үлгісі. Израиль басшылығымен жүргізілген диалог Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен бірге жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға мүдделі екенін көрсетеді.


