Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің сардары– Нышанов Нұрбек Садықбекұлы 63 жаста!

Oinet.kz 26-08-2025 28

Төрт онжылдыққа жуық саналы ғұмырын ел денсаулығын қорғау жолына арнаған Нышанов Нұрбек Садықбекұлы – Түркістан облысындағы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің көшбасшысы ғана емес, нағыз майталман маман, өз ісінің шебері. 

Screenshot_6.jpg

Бүгінде Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген ол, бұл салада іргелі өзгерістер мен оң нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі маман ретінде кеңінен танымал.

Кәсіптік жолдың бастауы

Нұрбек Садықбекұлының еңбек жолы 1986 жылы Ордабасы ауданының Бөген ауылындағы санитариялық-эпидемиологиялық станцияда дәрігер-эпидемиолог қызметінен басталды. Жас маман алғашқы күннен бастап адалдықты, жауапкершілікті ту етіп, қиын да күрделі санитарлық-эпидемиологиялық саланың қыр-сырын терең меңгеруге күш салды.

1988-1992 жылдары Леңгір аудандық СЭС-те еңбек етсе, кейіннен облыстық деңгейдегі аса жауапты қызметтерге көтерілді. Әр кезеңде де өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отырды.

Қиындықпен шыңдалған тәжірибе

2000-жылдардан бастап оның кәсіби жолы шын мәнінде серпінді өзгерістерге толы болды. Ол аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімін басқарды, аудандық санитариялық қадағалау басқармаларын басқарды. Нұрбек Садықбекұлының бастамасымен өңірде түрлі эпидемияларға қарсы іс-шаралар қолға алынып, қоғамдық денсаулық сақтау саласында жүйелі жұмыстар атқарылды.

2019 жылғы Арыс қаласындағы жарылыс кезінде облыстық штаб құрамында болып, жарылыс аймағына алғашқы болып кірген эпидемиологтардың қатарында жүрді. Ауа мен судың радиациялық құрамын зерттеп, қала аумағын санитарлық талаптарға сәйкестендіру жолында тынбай еңбек етті. Арыс қаласын қайта құру құрылыс жұмыстарын жүргізген он мыңнан астам жұмысшылардың сапалы тағаммен қамтамасыз етуге атсалысып тағамнан уланудың алдын алу жұмыстарын да жүргізді. 

Пандемиямен күрестегі көшбасшылық

2020 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы кезінде Нұрбек Нышановтың рөлі айрықша болды. Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері ретінде аймақтың шекараларында бақылау бекеттерін ұйымдастырып, індеттің таралуына қарсы қатаң шаралар қабылдады. Жүйелі әрі уақтылы жүргізілген шаралардың арқасында Түркістан облысы ұзақ уақыт бойы «жасыл аймақ» деңгейінде болды.

Оның басшылығымен 2020 жылы – 46, 2021 жылы – 22, 2022 жылы – 3 санитариялық шектеу туралы қаулы қабылданып, індетпен күресте нақты және нәтижелі шаралар жүргізілді.

Су тасқыны кезінде сыналған төзім

2021 жылдың мамыр айында орын алған Сардоба су қоймасының жарылуы — тағы бір үлкен сын сағаты болды. Мақтаарал ауданының тұрғындары қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, эпидемиологиялық ахуалды бақылау міндеті санитарлық қызметтің иығына артылды. Су басқан елді мекендерде мамандар ауыз су мен тұрмыс жағдайын жіті тексеріп, 4 миллион шаршы метрден астам аумаққа дезинфекция жүргізді. Бұл – үлкен ұйымдастырушылық пен кәсібилікті талап еткен күрделі жұмыс еді.

Мемлекеттік марапаттар мен мойындау

Осы жылдар арасында Нұрбек Садықбекұлының ел үшін жасаған еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол:

«Денсаулық сақтау ісінің үздігі»,

«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі,

«ҚР үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісі,

ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталған.

Бұл – тек марапаттар ғана емес, оның халық денсаулығы жолында жасаған еңбегінің шынайы бағасы.

Бүгінгі күн тынысы

Бүгінде оның басшылығындағы департаментте 320-дан астам мемлекеттік қызметкер мен 160 әкімшілік қызметкер қоғамдық денсаулық сақтау, санитариялық талаптардың орындалуын бақылау, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалау секілді күрделі де маңызды жұмыстарды атқарып келеді.

Құрметті Нұрбек Садықбекұлы, сіз — нағыз кәсіби маман, өз саласының ірі тұлғасысыз. Сіздің еңбек жолыңыз жас мамандарға үлгі болары сөзсіз. Қиын кезеңдерде тайсалмай, жауапкершіліктен жалтармай, әрдайым алдыңғы шепте жүріп елге сіңірген еңбегіңіз әрдайым құрметке лайық. Туған күніңіз құтты болсын. Елдің дамуы мен ынтымағы жолында аянбай еңбек ете беріңіз. 

Құрметпен, жұртшылық пен байланыс бойынша бас маман Б.Қазбеков

«Ағымда болу — тозақта болу»: Қазақстандық келіншек өзге ағымда 15 жыл қалай жүргенін айтып берді
Абай облысындағы 3 баланың өлімі: Алғашқы сот отырысы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу