«Қазақша сөйлеуге рұқсат бермеді»: Сатиралық жазбалары үшін қамалған Темірлан Еңсебектің сот отырысы
Бүгін 9 сәуірде Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот отырысы өтті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ол 18 қаңтарда ұсталып, содан бері негізсіз абақтыда отыр. Алайда Темірлан Еңсебектің өзі тағы да сот залына жеткізілген жоқ. Ол өзіне қатысты сот отырысына онлайн қосылды.
Наурызбай аудандық сотында байланыс нашар болып, Темірлан Еңсебектің сөзі бірнеше рет естілмей қалды. Ол онлайн адвокатымен сөйлесу ыңғайсыз екенін, сотқа офлайн қатыстыруды сұрады. Алайда судья Бейнегүл Қайсина оның өтінішін қабылдамады. Судья сот отырысын «гибридтік режимде» жалғастыратынын айтты. Ол бұл нәрсені «бар практика» деді.
Белсендіні қолдауға келген достары мен жақтастары сот залына кіре алмай, «Ашық сот!» деп айқайлады.
Сондай-ақ, судья сот залынан тікелей эфир жүргізуге тыйым салды, Темірланның әкесіне қазақша сөйлеуге рұқсат бермеді. Ол сот орысша өтетінін айтып, орысша сөйлеуін талап етті.
Сонымен қатар судья Темірлан Еңсебекке «кінәсін мойындаса, жазасын жұмсартуы мүмкін» екенін айтты. Бірақ белсенді онсыз да кінәсіз екенін жеткізді.
«Менің түсінуімше, сіз кінәні мойындау жағына қарай ойысқыңыз келеді. Егер мен ештеңе бүлдірмесем, нені мойындауға тиіспін?», — деп жауап берді Темірлан Еңсебек.
Прокурор айыптау актісінде Темірлан Еңсебек «орыс халқының сезімі мен ар-намысын қорлады» деп айыптады. Белсенді бұған келіспеді.
«Мені «адамзатқа қарсы қылмыс жасады» дейді. Қазақстан билігі үшін «ресейлік пропагандистер тұтас бір әлем, адамзат» екенін білген жоқпын. Соншама не істеп қойдым?», — деді ол.
Залда интернет нашар болғандықтан, Темірлан сот отырысын жөнді ести алмай жатқанын жеткізді. Ол дыбыс «колонкасын» жақынырақ ұстап, тыңдауға мәжбүр болды.
Айта кетейік, сот отырысы ертең (10.04.2025) сағат 15:00-д жалғасатын болады.
Темірлан Еңсебек деген кім?
29 жастағы Темірлан Еңсебек Алматыда туып, қазақ мектебін бітірген. Болашақ сатирик Польшада мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алды. Оқудан оралғаннан кейін Еркебек қалалық әкімдік жанындағы Ауыл шаруашылығы басқармасында бір жыл жұмыс істеп, балалар тіл мектебін ашты.
2020 жылы Белсенді Oyan, Qazaqstan қозғалысына кірді. 2021 жылдың сәуірінде ол ресейлік "Панорама" сатиралық басылымынан шабыт алып, Qaznews24 Instagram аккаунтын құрды. Бір айда ол 5,5 мың жазылушы мен миллион қаралым жинады. Ол хабарламаларды жасырын түрде жариялады, бірақ 15 мамырда полиция оның үйіне тінту жүргізіп келді және сол күні оны жауап алуға алып кетті. Алматылықтарға қарсы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды. Кейінірек сатириктің телефонында Pegasus тыңшылық бағдарламасының іздері табылды.