Қазақстандық каратэші әлемдік рейтингтің алдына шықты
Халықаралық каратэ федерациясы (WKF) жаңартылған рейтингін жариялады. Тізімде қазақ қызы Мөлдір Жаңбырбай 50 келіге дейінгі салмақта көш басына шықты, деп хабарлайды Oinet.kz сайты.
Мөлдір жуырда ғана Парижде өткен халықаралық рейтингтік лигада қола медаль еншілеген болатын. Бұл нәтиже оның рейтингте бірінші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді.
Мөлдір Жаңбырбай (Қазақстан) – 5490 ұпай
Иоргелис Салазар (Венесуела) – 5350
Эма Сгарделли (Хорватия) – 3312
Айта кетейік, Мөлдір Жаңбырбай каратеден әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы (2023 жыл). Ол сондай-ақ 2021 жылғы Азия чемпионатының алтын, 2023 жылғы күміс жүлдегері. Ханчжоудағы Азия ойындарында екінші орын алды.