«Тағы бір Бишімбаев»: Ақтауда ер адам қызды аяусыз ұрып тастаған
Әлеуметтік желіде ер адам қызды аяусыз ұрғаны көрінетін видео тарады. Полиция осы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Желідегі ақпаратқа сүйенсек, оқиға Ақтаудағы дәмхананың алдында болған. Кадрларда ер адам қызға қол көтеріп, жерге құлатқаны көрінеді. Кейін оқиға куәгерлері қызға ара түскенімен, ер адам оны алып кетеді.
"Қыздың ерні жыртылып, көзі ісіп, денесі көгеріп, өлім аузынан қалған. Құрбыларының айтуынша, жігіт бірнеше айдан бері қыздың ізінен қалмайды, аңдиды. Жәбірленуші талай арыз жазғанымен, полиция ешқандай шара қолданбайды, себебі ол жігіттің органдарда жұмыс істейтін досы бар екен. Жәбірленуші қыздың құрбыларына шығып та қорқытқан", - деп жазылған әлеуметтік желідегі топтардың бірінде.
Жәбірленуші әлеуметтік желідегі парақшасында бұл соққыға жығылып тұрған бірінші жағдай емес екенін жеткізді.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің жауабына сүйенсек, патрульдік экипаж бұзақылық әрекеттің алдын алған.
"Оқиғаға қатысы барлар анықталып, полицияға жеткізілді. Ұрып-соғу дерегі бойынша соталды тергеу басталды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған полицияның Massaget.kz-ке жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ зорлық-зомбылық статистикасын жариялады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша полицияға түскен шақыртулар:
2020 жылы – 179 096
2021 жылы – 155 177
2022 жылы – 115 526
2023 жылы – 99 026
2024 жылғы 4 айда – 28 189
Тұрмыстық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны (денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру):
2020 жылы – 1071
2021 жылы – 1022
2022 жылы – 935
2023 жылы – 923
Еске салайық, былтыр зорлық-зомбылықтан қайтыс болған Салтанат Нүкенованың оқиғасы ел есінде. Салтанат Нүкенованың өлімі кейінгі жылдардағы Қазақстандағы ең атышулы істердің бірі болды. Бұл трагедия елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін ашық көрсетті.
Осы іс бойынша 2024 жылы 13 мамырда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев асқан қатыгездікпен кісі өлтіргені және азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.