«Бір-біріне қарап отырады»: Желіде ҚазҰУ-дағы қоршаусыз салынған дәретхананың видеосы тарады
Желіде қазақстандық университеттің біріндегі спорт кешеніндегі оғаш салынған дәретхананың видеосы тарады. Мұны көргендердің кейбірі әзілдесе, кейбірі “ақшаны жеген бе” деп наразы болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Видео Qumash телеграм арнасында тарады. Деректерге сүйенсек, бұл ҚазҰУ-дың жаңа спорт кешеніндегі қоғамдық дәретхана. Видео кадрларында үш дәретхананың бір жерде қарама-қарсы, ашық орналасқаны көрінеді.
Жұртшылық видеоға түрлі пікірлер жазды.
“Іш пыспас үшін қойған шығар”, “Бетпе-бет отырып, мәселелерді талқылайды”, “Ашық алаң ғой”, “Неге әркез қоршауға келгенде ақша бітіп қалады?”, “Ол жақта екі унитаз қарама-қарсы тұрған тағы бір әжетхана бар”, “Әлі қоршау қойып үлгермеген ғой”, – деп жазды желі қолданушылары.
Дәретхананың неге бұл күйде тұрғанын Stan.kz тілшісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан сұрап білді. Білім ордасы әжетхананың бассейн ғимараттарының құрылыс жобасына сәйкес салынғанын алға тартты.
“Әжетхана Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дмитрий Баландин атындағы бассейн ғимаратында орналасқан. Бірақ косметикалық жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты, қоршау қабырғалары (перегородки) бөлшектеліп, қазіргі уақытта қайта орнатылды.
Косметикалық жөндеу, әжетханалардағы қоршау қабырғаларын бөлшектеу және орнату университеттің өз күшімен жүзеге асырылды”, – деп жауап берді университет.