«Анам тірі болса, мұндай жағдай орын алмас еді»: Әкесі зорлағанын айтқан экс-депутаттың қызы

Oinet.kz 10-10-2024 961

Астаналық Айбота Рақымбекова “Ауыл” партиясы төрағасының бірінші орынбасары, экс-депутат және президенттікке кандидат болған әкесі Төлеутай Рақымбековтен зорланғанын бір жарым жылдан бері дәлелдей алмай жүр. Айтуынша, бала күнінде әкесі оны екі рет зорлап, кейін анасынан қалған мұраның бір бөлігін заңсыз тартып алған. Өзіне тиесілі мүлкінен айырылған ол 1,5 жасар баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрады. 28 жастағы Айбота Stan.kz тілшісіне оның дәлелдері мен арызы ескерілмей жатқанын айтып, әділдік үшін күресетінін мәлімдеген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_3.jpg

Айбота Төлеутай Рақымбеков пен Салтанат Рақымбекованың асыранды қызы екен. Бірақ қыз мұны тек 25 жасында білгенін айтады.

Төлеутай Рақымбеков – “Ауыл” партиясы төрағасының бірінші орынбасары, бұрынғы мәжіліс депутаты, 2019 жылы “Ауыл” партиясы атынан президент сайлауына түскен. Ал Салтанат Рақымбекова азаматтық альянс президенті, қоғам белсендісі болды.

Қызды 6 айлығында ата-анасы нағашы әжесіне тастап кеткен. 5 жасына дейін Айбота әжесінің қолында өсті. Әжесі қайтыс болған соң, 2002 жылы экс-депутаттың отбасы оны асырап алады. Шын мәнінде Салтанат Рақымбекова – оның тәтесі, яғни туған анасының бауыры.

Айбота Рақымбекованың сөзінше, оны 2006 жылы 10 жасында экс-депутат зорлады. Мұндай жағдай екі рет болған дейді. Бірақ ол ұзақ уақыт бұл туралы айтуға жүрексінген. Тек былтыр батылы жетіп, 2023 жылы қарашада Төлеутай Рақымбековтың үстінен “Кәмелетке толмағанды зорлау” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

“Анам қызметте болғандықтан, үйде әкеммен ғана қалатынмын. Мен одан қатты қорқатын едім. Зорланғанымды ешкімге, тіпті анама да айта алмадым, себебі маған сенбейді, сөзімді елемейді деп ойладым. Зорлық оқиғасынан кейін қатты өзгердім, тұйықталып қалдым. Жақындарым менің мінез-құлқым өзгергенін байқады. Киініп жатқан кезде туыс әпкелерімнің бірі менің интимді жерімнен гематома барын байқап, не болғанын сұрады, анама ескертті. Мен ол кезде де мойындай алмадым. Бірақ осыдан соң анам мені әкеммен жалғыз қалдырмайтын болды. Психологқа апарды. “Әкеңнің көзінше ашық жүрме” деп, үйде шорты немесе жеңіл киім киюге тыйым салды, ал әпкем, яғни туған қызы қысқа шортымен, өзі қалаған киіммен жүре беретін”, – деді ол.

Қыз қатты күйзеліске түсіп, психологиялық соққы алғанын түсіндірді. Соның салдарынан тіпті бір кездері психологиялық есепте тұрған. Бірақ қазір сау, есептен алынды.

2013 жылы Төлеутай Рақымбеков 17 жастағы қызды нағашыларына апарып тастаған. Сөзінше, ол шындық әшкере болады деген қорқыныштан осындай қадамға барды. 7 жылдан соң, яғни 2020 жылы анасы Салтанат Рақымбекова дүниеден өтті. 

“Мұрадан айырып, қуып шықты”

17 жасынан бері олар араласпаған, ал анасы көз жұмған соң Рақымбеков оған хабарласып, кездесу керегін айтқан.

“Анамның тірі кезінде қарызы көп болғанын, артында ештеңе қалмағанын айтты. Алдап-соғып, нотариуске апарды да, құжатқа қол қою керек деді. Сөйтсе, ол мұрадан бас тарту туралы қағаз екен. Маған қағаздың бір данасын бермеді, құқығым мен міндеттерімді таныстырған жоқ”, – деді 28 жастағы Айбота.

Сөзінше, осыдан кейін қызға әкесі "тиісіп", бірге тұру жайлы ұсыныс білдірген. 2021 жылдың шілдесінде азғындауға қатысты Есіл аудандық полиция бөліміне шағымданған екен. Алайда оның арызын қабылдамаған.

2022 жылы мәмілені заңсыз деп тану бойынша азаматтық сот өткен. Бірақ шешім Төлеутай Рақымбековтың пайдасына шыққан. Енді “Алаяқтық” бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

“Бұған дейін осы істі бірнеше рет тоқтатпақ болды. Бірақ құзырлы органдар тоқтату туралы шешімді заңсыз деп тапты. Іс қайтадан қозғалып, енді тергеуде”, – деді қыз.

Бірге өскен әпкесі, яғни Төлеутай мен Салтанаттың туған қызы Әлия Рақымбекова әкесін қолдайды. Ол Айбота отбасына жала жапты деп отыр.

Экс-депутат шындық детекторынан өтуден бас тартты

Айбота оның шағымына ешкім құлақ аспай жатқанына наразы. Айтуынша, сотта, істі қарау барысында бірнеше заңбұзушылық болған. 

“Зорлау” бойынша қылмыстық іс аясында куәлардың айғақтары болды, бірақ ол істің мерзімі өтіп кеткендіктен, дәлелденбейді деп отыр. Төлеутай Рақымбековке сараптама да тағайындалған жоқ. Ол “шындық детекторынан” өтуден бас тартты. Ал мен өттім, онда менің өтірік айтуға бейім емес екенім анықталды.

Ол менің сөздерімді, арызымды жоққа шығарып отыр. Егер өзіне сенімді болса, неге сараптамадан бас тартады? Неге детектордан өтпеске?! Сонда ақ-қарасы анықталар еді”, – деді Рақымбекова.

“Зорлау” бойынша қылмыстық іс мерзіміне байланысты қысқартылды

Айбота Рақымбекова ер адамның беделі іске ықпал етті деп санайды. Себебі оның шағымы мен дәлелдеріне салғырт қарап отыр дейді.

“2019 жылы да мен оның үстінен “Суицидке жеткізу” бойынша арыздандым. Ол президенттікке кандидат болған кезде менен құтылу үшін түрлі амалдар жасады. Менің тарапыма қысым келді. Одан бөлек аңду, бопсалау болды. Бірақ қазір тергеу жүріп жатқандықтан, анығын айтуға болмайды”, – деді ару.

Айбота желіде әділдік сұрап шыға бастаған соң, 2023 жылы Төлеутай Рақымбеков “Жалған ақпарат тарату” бойынша арызданыпты.

“Ол бір маманның қағазын сотқа әкелді. Онда мені “патологиялық өтірікші” (өтірік айтуға бейім, қиялдау диагнозы) деп таныған. Бірақ бұл сот тағайындаған сараптама емес. Ал сот тағайындаған сараптамада мен өтірікші емес екенімді дәлелдедім. Ол сөздерімді жоққа шығаратын дәлел әкелмеді. Кейін мен конституциялық соттан рецензия алып, ол әкелген маманның қорытындысы ескі методикамен жасалғанын әрі заң аясынан тыс екенін көрсетті”, – деді Айбота.

Төлеутай Рақымбеков оны “патологиялық өтірікші” деп атап, ол туралы пост жариялағаны үшін Айбота “жеке басын қорлау” бойынша шағым түсірген. Алайда бұл жерде де іс бұрмаланып кетеді деген қорқыныш бар. 

“Біздің қоғамда заң алдында бәрі тең екенін дәлелдегім келеді”

Қазір Айбота 1,5 жасар ұлымен дағдарыс орталығында тұрады. Қашықтан call-орталықтың операторы болып жұмыс істейді екен. Алайда уақытының көп бөлігі осы әділдікке жету жолындағы күреске кетіп жатыр. Ол құқығын өзі қорғауға мәжбүр, себебі адвокаттар қомақты қаржы алады.

“Өз құқығымды қорғау көп уақыт пен энергияны алады, ұйықтамаймын. Маған ақысыз негізде көмектесіп жүрген адвокатым бар. Алайда менің істерім қиын әрі шиеленіске толы болғандықтан, оны күнде мазалай беруге қысыламын. Сол үшін мейлінше өзім ізденіп, өз бетіммен істі тындыруға тырысамын”, – деді ол.

Айбота Рақымбекованың бар талабы – өзіне тиесілі нәрсені қайтарып, кінәлі адамды жазалау.

“Мен экс-депутатқа шүйлігіп жүргем жоқ, оны абақтыға қамату – басты мақсатым емес. Баламды дүниеге әкелген соң, қайта дүниеге келгендей болдым, өзім үшін күресу керек екенін ұқтым. Рақымбеков заң бұзып, басқа адамның құқығын таптағасын өз жазасын алуы керек. Біздің қоғамда заң алдында бәрі тең екенін дәлелдегім келеді, кім болмасын, қаншалықты даңқты, беделді болмасын, заң алдында бәрі бірдей. Соны ұғатын кез келді. Құзырлы органдар бізге теңдей қарағанын қалаймын. Ал мен өзіме тиесілі нәрсені алуға құқығым бар. Анам тірі болса, мұндай жағдай орын алмас еді”, – деді Айбота. 

Төлеутай Рақымбеков не дейді

Экс-депутат Айботаның сөздерін бірден жоққа шығарды. Сөзінше, туыстары Айботаны айдап салып отыр. Сол үшін мұрагерліктен алып тастадым дейді.

“Екі жылға жуық уақыттан бері асыранды қызым Айбота Төлеутайқызы мен туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, ар-намысыма, абыройыма, іскерлік беделіме нұқсан келтірді. Бұл Астана қаласы Алматы аудандық сотының 26 қаңтардағы қаулысында көрсетілген. Апелляциялық сот та оны растады. Осылайша, сот актілері осы күннен бастап күшіне еніп, ол өз жазбаларын өшіруі тиіс.

Жарайды, Айботаның өтірігі бір бөлек. Бірақ мен оның психикалық денсаулығына алаңдай бастадым. Оған бұрынғы тәуелділігі әсер етіп жатса керек”, – деді Төлеутай Рақымбеков.

Stan.kz тілшісі Астана полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгініп, пікір сұрады. Полиция департаменті Төлеутай Рақымжановтың үстінен іс қозғалғанын растады. Іс Есіл аудандық полиция бөлімшесінде тіркелген. Алайда 201-бапқа сәйкес, тергеу аясында қалған ақпаратты жария ете алмайтынын мәлімдеді.

Қазақстанға қарсы ойнаған футболшы өз үйінде өлі табылды
Ақтөбе облысында үйленбек болған қызын зорлап, өлтіріп кеткен ер адамға үкім шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу