Қазақстанға қарсы ойнаған футболшы өз үйінде өлі табылды
Футболдан Грекия құрамасының қорғаушысы Джордж Болдок өз үйіндегі бассейнде өлі табылды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ағылшындық клуб әлеуметтік желідегі парақшасында футболшының отбасына көңіл айту хабарын жариялады. Ал қазір ойнап жүрген "Панатинайкос" клубы да Джордж Белдоктың қазасын растады.
Футболшы 9 қазан күні Глифадтағы (Грекия) үйіндегі бассейнде көз жұмған. Денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Грекия құрамасы алдағы екі ойында ойыншыны еске алу мақсатында қаралы шүберек тағып шығу жайлы Еуропалық футбол қауымдастықтары Одағына (UEFA) ұсыныс жіберген.
Джордж Болдок 31 жасында көз жұмды. Мансабында Англияның "Шеффилд Юнайтед", "Оксфорд", "Тамуорт", "Нортгемптон", "Милтон-Кинс Донс" клубтарында, Исландияның "Вестманнаэйяр" командасында доп тепті. Соңғы рет "Панатинайкос" командасына ауысып келген.
Грекия құрамасы сапында 12 матчқа қатысты. Наурыз айында Қазақстанға қарсы ойынға шыққан болатын.