Көшпенділер ойынынан кейін қазақ халқын балағаттаған қырғызстандық кешірім сұрады
Елордада өткен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының көкпар сайысынан кейін әлеуметтік желіде қазақ халқын балағаттаған қырғызстандықтар көп болды. Мұндай әрекетке барғандардың бірі анықталып ұсталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі 24kg арнасына сілтеме жасап.
Мәліметтерге сенсек, ұсталған азамат әлеуметтік желіде ауыр жүк көлігінің кабинасынан Қазақстан туын жұлып алып тастап жатқан видео жариялаған.
Видеоның 21 жастағы авторы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне жеткізіліп, әңгіме жүргізді. Ол эмоцияға бой алдырғанын айтып, екі халықтан кешірім сұрады.
"Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті бұдан кейін арандатушылыққа бой алдырмауға және спорттық ойындар төңірегінде қақтығыстарды үдетпеуге, тоқтатуға шақырады. Бұл екі елдің бауырластық және достық қарым-қатынастарына нұқсан келтіруі мүмкін", – деп ескертті Қырғызстанның барлау қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасы көкпар ойындарында Қырғызстан командасын 4:5 есебімен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салды. Бірақ қырғыз ағайындар ойынның әділетсіз өткенін айтып, төрешіні жерден алып, жерге салды.