Генерал Оспановтың Төлешовпен не байланысы бар?

Oinet.kz 09-07-2019 981

Screenshot_1.jpg

Жуырда 365info.kz сараптамалық сайтында Оңтүстік Қазақстан облыстық  ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспанов пен шымкенттік атышулы кәсіпкер Тоқтар Төлешев туралы мақала  жарық көрді. Бір байқағанымыз, мақаланың  жарық көруіне  генерал Асқар Оспанов пен департаменттегі лауазымды шенділердің үстінен, олардың «кадрлық бизнесі» туралы  жазылған домалақ арыз себеп болған сияқты. Осының мән-жайын анықтауға барған тілшіге Асқар Оспанов сырын ақтарып салыпты. 

Алдымен арызға аз-кем тоқтала кетейік. Ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспанов пен оның қарамағындағы басқа да лауазымды қызметкерлер туралы домалақ арыздар бұған дейін бірнеше дүркін жазылған. Маңдайында  Президент әкімшілігінің басшысына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, Бас прокурорға деген «мекен-жайы» бар арыздардан туындаған әңгіме әлеуметтік желілерді, ақпарат құралдарын жиі шулатып жүр.  Мынау да сол сияқты. Арызданушылар  Оспанов пен лауазымды полицейлерге «ақша жинаумен айналысады» деген айыптаулар тағып, генералдың Тоқтар Төлешевпен байланысы бар депті. Осыған байланысты Шымкентке Астанадан тексеру жіберуді, егер олай болмаса ашық түрде шығатындарын айтыпты. 

— Бұл хат домалақ арыз. Егер оларды жазған адамдарды табатын болса, мен олармен  абыройымды қорғау үшін соттасуға әзірмін. Бұл жерде мені, бүкіл ішкі істер департаментін сыбайлас жемқорлықпен айыптап отыр. Менің және менің бірінші орынбасарымның ар-намысына тиіседі. Егер осы хаттағы жазылғандар рас болса, мен бұл жерде отырмаған болар едім. Ал Тоқтар Төлешевті  естігенім болмаса, өз көзіммен көрген адам емес,-депті генерал. 

Асқар Оспанов департаменттегі  бірінші орынбасары Сәкен Айтбековтің, криминалдық полиция басқармасының бастығы Кенже Оңдасыновтың, Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Мәлік Байзақов пен «Арлан» арнаулы бөлімшесінің командирі Марат Әбдірахмановтың қызметтен кеткенін растаған. Алдымен «Олар жұмыстан өз еріктерімен кетті» дегенді алға тартып, артынша «Олардың барлығы да қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін қуылды. Қазір бұл мәселемен қауіпсіздік қызметі айналысып жатыр» дейді. «Егер олардың кінәсіздігі дәлелденсе, мен олардың ішкі істер органдарына қайта орналасуы туралы өтініш беремін»,-деп генерал және бір қырынан танылғанына таңданбай көріңіз. 

Бұдан кейін Оспанов қызметтік үстелінің үстінде тұрған бала-шағасының суретін тілшіге көрсетіп: 

-- Өзімнің карьерамда мен біреуге бірдеңе берген емеспін. Құдайға шүкір, мемлекетке керек адамбыз. Осы қызметте 5 жылдан бері істеп келемін. Оған дейін бірінші орынбасар болдым. Облыс оңай емес. Қылмыстық ахуалы күрделі. Басшы тек білімді ғана емес беделді болуы тиіс. Анау арызда ақша жинайды дегенге келсек, кез-келген қызметкерден барып сұраңыз, мұндай айыптау менің, бірінші орынбасарымның  ар-намысыма тиеді,- депті. 

Оспановтың қаншалықты адалдығы бір Аллаға аян.  Сонымен бірге генерал аңғалдау сияқты.  Сұхбатты ол қызметтен қуылған бұрынғы бірінші орынбасары Сәкен Айтбеков тұтқындалардан бұрын берген. Сонда ол сол уақытқа дейін бірінші орынбасары болып істеген азаматтың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған Тоқтар Төлешевтің сыбайласы екенін білмегеніне сенесіз бе, сенбейсіз бе? Аталған сайттың жазуынша, департаменттегі бір топ лауазымды шенділер  2015 жылдың қарашасында орын алған оқиғаға байланысты қызметтерінен босатылған көрінеді. Тоқтар Төлешев бірінші орынбасар С.Айтбековке телефон шалып, өзінің өміріне қастандық жасалғалы жатқанын хабарлапты. С.Айтбеков тиісті басшыларға бұл туралы баяндамастан жоғарыда аталған қызметкерлермен бірге «Арлан» арнаулы бөлімшесін тік тұрғызып, Төлешевті құтқаруға аттаныпты. Кейіннен неге екені белгісіз,  Т.Төлешев полицияға өз өміріне қастандық жасалғалы жатқандығы туралы арыз жазудан бас тартыпты. Төлешев тұтқындалған соң Астанадан келген тергеушілер осы жәйтқа шұқшиған сияқты. Дегенмен бұл әңгіменің растығы көңілге күдік ұялататынын да жасыруға болмайды. Қарамағында пәленбай оққағары бар Төлешев өз өмірі үшін полициядан көмек сұрапты деген қисынға келіңкіремейтін сияқты. Оның кейіннен арыз жазбай қоюы да осыдан шығар, бәлкім. 

P.S. Иә, айтқандай «біреуге бірдеңе берген емеспін» деген генерал «біреуден бірдеңе алған емеспін» дегенді айтпапты...

Мұрағаттан, 2016 ж

Тоқаев Қырғызстандағы жағдайды мұқият бақылап отыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен кеден саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу