Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Видеодан скриншот
Тұрғындар не дейді?
Шаңырақ 2 тұрғыны Қалдыгүл Құдайбергенованың айтуынша, ауданда мәселе көп. Соның ең өзектісі – канализация мәселесі. Сөзінше, ауданда бес жыл бойы канализация құбыры айқай-шумен ғана жасалған. Енді кей тұрғындар дайын емес канализацияға қосылып алып, кәріз суы көшеге ағып жатыр. Соның салдарынан Қалдыгүл Құдайбергенова сияқты тұрғындар жапа шегіп отырмыз дейді.
"Талай рет әкімдіктегілермен кездесулер болды. Әр келгенде мына күні қосыңдар деп айтады, ал ол әлі толық ақталмаған. Бітпеген нәрсені қосқан соң оның зияны басқа адамдарға тиіп жатыр. Арықтарда сасық су толып кетті. Көшеге шығып, тыныс алу мүмкін емес. Ішінде бақалар әуендетіп жүр. “Алматы судан” келген кісі қосыла беріңдер деп кетті. Оған сенген жұрт айтқанды істеп, қосылып алды. Бірақ сол қосылысымен проблема басталды. Көшеге науа (лоток) салған, оны дұрыс орналастырмаған. Содан көшедегі су тұрып қалған. Кәдімгі батпақтың бетін көрсеңіз, жиіркеніп кетесіз. Көшеміз батпақ, оның үстіне иісі мүңкіп тұр. Неше жыл болды, тек уәдемен келе жатырмыз. Адамдар ашынайын дедік. Журналистер шақырдық, әкімдіктің алдына талай жиналдық, бірақ еш нәтиже жоқ", –деп күйінді Шаңырақ 2 тұрғыны.
Алатау ауданының проблемаларын жаңалықтарда да көрсетіп жүр. Бірақ ешқандай жылжу жоқ дейді тұрғындар. Тағы бір тұрғынның сөзінше, халық шынын айтқанда кімге шағымданатынын да білмей қалды.
"Біздің басты проблемамыз – мына канализация мәселесі. Міне 5 жыл болды, әкімшілік ертең мен бүрсігүні дегенді айтады, уәделері бітпей кетті. Канализация станциясы бітпей жатып, бүкіл халыққа қосыла беріңдер деді. Енді бүкіл Шаңырақ сасып отырмыз. 7-станция салу керек еді соның алтауын салды. Ал біреуін алып Шаңырақ-1-дің станциясына қосып қойды. Жетіншісінің ақшасын бәрі жеп қойып, енді бізге 300 метр трубаға ақша жоқ дейді. Жүгіре-жүгіре шаршадық. Уәделері бітпейді. Шыдамымыз таусылды", – дейді Шаңырақ 2 тұрғыны.
Алматы әкімдігі мен “Алматы су” кәсіпорны не деп жауап берді?
Stan.kz-тің осы мәселе бойынша сауалына Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жауап берді.
“Басқарма мен "АГС-ПЛАСТ" ЖШС арасында "Алматы қаласына қосылған аумақтарды сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамыту. Алатау ауданындағы Шаңырақ-2 шағын ауданындағы ағын суларды айдау станцияларының құрылысы" нысандары бойынша келісімшарт жасалды. Осы жоба бойынша 6 кәріз сорғы станциясы салынды және пайдалануға берілді (қалған 6 КСС аумағын абаттандыру). Өздігінен ағатын кәріз желілері 2019 жылы салынып, "Алматы Су" МКК-не берілді. Бүгінде "Алматы Су" қызметкерлері кәріз құдықтарын тазартып жатыр”, – делінген басқарма жауабында.
Осыдан соң істің анық-қанығын білейік деп, “Алматы су” кәсіпорнына хабарластық. Коммуналдық кәсіпорын өкілі Серік Жігеровтың сөзінше, канализация дұрыс қойылып, ретке келген соң ғана көшелерді аралап, қосылуға рұқсат беріледі. Бірақ алдын ала келісімшарт жасалады. Ол тұрғындар дайын болмаған станцияларға заңсыз қосылып алған дейді.
“Канализация суы сыртқа шығып жатқанына қатысты біз ештеңе істей алмаймыз. Полицияға барып, әкімшілікке хабарласып, экологияны бұзғаны үшін айыппұл салу керек. Олар істемейтін канализацияға заңсыз қосылған. Бізге “су ақты, тесілді, ойбай су кетіп жатыр” дейді. Әкімшілік арнайы рейдтер жүргізеді. Үйлерге кіреді. Заңсыз қосылған құбырларды алып тастап жатыр, оны бітейді. Бұл жерде мәселе тұрғындардың кінәсінен болып тұр. Бұл біздің жұмыс емес. Біз нақты істейтін, қосылған канализацияға жауап береміз. Енді осы шаруаны толығымен құрылыс біткен соң ғана қалпына келтіре алады. Әлі кейбір станциялардың құрылысы аяқталмаған. Соны тұрғындар күтеді”, – деді “Алматы су” өкілі Серік Жігеров.
Шаңырақ 2 ауданындағы Жиделі, Тұрысов, Қаракемер, Әубәкіров көшелерінің тұрғындары сасық иіс пен жердегі судан қажып кеткенін айтады. Олар жауапты органдар қандай да бір шара қолданады деген үмітте.