«Келінімнің бір айыбы - оқымай қалған»: Қызылордалық азамат сау әйелін ауру деген туыстарына наразы

Oinet.kz 15-05-2024 3837

Қызылордалық Серік Айбосынов үш жылдан бері әйелінің ауру еместігін дәлелдей алмай келеді. Айтуынша, қайыненесі туған қызын ақыл-есі кем деп 30 жыл мүгедектер қатарына қосып, мемлекеттен жәрдемақы алып келіпті. Бірақ 32 жастағы келіншек тұрмысқа шыққалы бірде-бір рет денсаулығына шағымданбапты. "Көреміз" редакциясына шағымданған ол бұл мәселені шешіп беруін сұраған, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_6.jpg

"Келіншегім Айжанмен 2020 жылы таныстық. 3,5 жыл отастық. Бір қыз, бір ұл бар. Үлкені 3-те, кішкентайы 1,5-да. Үлкен той жасадық. Бұл - менің екінші некем. Қазір Қызылорда облысында аға-жеңгеммен тұрамын. Ағасы келіп, балаларды ауруханаға апаратынын айтып, Айжанды бірге алып кетті. Содан ізім-ғайым жоғалды. Ағасы маған хабарласып, "Серік, Айжан менің үйімде, қазір апарып тастаймын" деді. Арада сәл уақыт өткен соң ағама соғып, "құдеке, келініңізді мен ауылға алып кеттім, әкелмеймін, болды" деді. Содан бері 8 ай өтті. Барған едім, әйелім "әкемнің айтқанын тыңдаймын, ешқайда бара алмаймын" деді. Әйелімнің қамқоршылығы әлі ағасында, соны маған берсін болмаса алып тастасын деп едім. Даудың басы содан басталып тұр", - деді Серік Айбосынов.

Серіктің ағасы Ғанибек Аяпов та келіннің психикалық ауруы бар дегенге келіспейді.

"Келінімнің бір айыбы - оқымай қалған, сауаты жоқ. Әйтпесе, балаларын дүниеге әкелді. Бәріне өзі қарайды. Барлық жағдайымызды жасайды. Ол жындыға жата ма? Психикалық ауруы бар дегенге өз басым келіспеймін. Інім мен келінім қосылса, екі баланы уайымдаймын. Келіннің бойындағы ауру дегенді алып тастаса деген мақсат бар. Қамқоршылықтарды бермесе, бұлардың келешегі жоқ деп айтар едім", - деді ол.

Айжанның ағасы Ерлан Дүйсенов құдаларға ренішін білдірді.

"2,5 ай қамқоршы болдым. Құда жақ "Ерланға аударып бер" деген соң маған берді. Екі ай азық-түлігін алып беріп жүрдім. Қарындасымның қайынағасы "маған зейнетақысын әкеп бер, өзіміз асыраймыз" деп тыныштық бермеді. Айжан екінші баласын дүниеге әкелгенде үйіне анамды кіргізбеді. Біз үйіне барсақ, дау шығарып, айқайлады. Айтатыны - "қамқоршылықтан бас тартыңдар". Күйеу бала үйінде жыртық-жыртық киіммен жүреді. Біз барған кезде үйіне кіргізіп, таза киім кигізеді. Бізбен бірге дастарханда отырмайды. Жалпы зейнетақысын алатын күн жақындағанда маған Ғанибек мырза хабарласады. "Алатын 70 мың теңге зейнетақыны бізге санап бер" деп айтады. Мен қарсыласамын. Қарындасымның керек затын, балаларына керегін өзім апарып беремін. Ақшаны бергім келмейді. Себебі күйеу балам да зейнетақы алады. Оның ақшасын мына ағасы алып, жұмсап отыр. Өзін бір жерге жұмысқа тұрғызған, сол айлықты алады. Күйеубаланың пәтері бар, соны жалдап біреуге берген. Бұл кісілерге "бөлек шығарыңдар" деп айттым. Сол кезде ақшасын апарып беремін", - деді ол.

Айжанның анасы да Алтынай Мырзабекова құдалары қызын екі жыл бойы көрсетпегенін айтты.

"Қамқоршылықтан бас тартсаңыз болды" деді маған. Мені қамқоршылықтан бас тартпай-ақ үйіне кіргізбей отырған адам бас тартсам мүлде кіргізбейін деп отыр ғой. Екі жыл қызымды көрмедім. Құдаға "бөлек шығарыңыз" дегенде "мен бұларды шығармаймын" деп ашық айтты. Айжанды маған қарсы қойды. Қызымның маған айтпаған сөзі жоқ", - деді ол.

Түркістан облысында бес ауылдық округтың әкімдерін сайлау өтті
Ер адам 16 жастағы қалыңдығының басын шауып тастаған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу