Шымкентте 11-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған
Шымкентте 11-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсап көз жұмды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 12 мамырда жасөспірімнің өз үйінде болған. Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқушы белсенді, үлгерімі жақсы болған. Тәртібіне қатысты есепте тұрмаған.
"2024 жылы 12 мамырда 11-сынып оқушысы өз үйінде, жеке бөлмесінде өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болғаны анықталды. Мектеп әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, марқұм ешкіммен ұрсысып, дауласпаған. Оқу үлгерімі жақсы, белсенді оқушы болған. Мектепішілік есепте тұрмаған. Бұл жайтқа қатысты құзырлы орган өкілдері тергеу жүргізіп жатыр", - деп жазылған Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарламасында.
Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
"Осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі өкілі.