Шымкентте мешіттегі намаз кезінде ер адам төбелес шығарды (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде мешітте болған жанжалға қатысты видео пайда болып, қызу талқыға түсті. Ер адам намаз уақытында әлдекімді ұрып жіберген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Оқиға 14 мамыр күні Түркістан облысы Сарыағаш қаласында болған. Видео Шымкенттің Абай ауданында орналасқан мешіттердің бірінде түсірілген болып шықты.
“Оқиғаға қатысушылар полицияға арыз түсіріп, сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген Шымкент ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Ал ҚМДБ мәліметтеріне сүйенсек, өзге өңірден Шымкентке келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған.
“Мешітке тұрақты келуші бір азамат намаз кезінде “әмин” дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбей, олардың біріне қол жұмсаған. Салдарынан имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізді”, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Бұдан бөлек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады.