Газа секторында қаза тапқан балалар саны әлемде көз жұмған балалар санынан көп пе?
Қазанның кейінгі аптасында әлеуметтік желілерде және бірнеше сайтта "Газада қаза тапқан балалардың саны дүние жүзінде өлтірілген балалар санынан асып түседі" деген жантүршігерлік ақпарат тарап жүр. Олардың айтуынша, 2019 жылдан бергі дүниежүзіндегі қарулы қақтығыстар барысында қаза тапқан бала саны Газадағы көз жұмған балалардан аз. Бұл ақпаратты Factcheck.kz тексеріп көрді, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Палестиналық босқындарға көмек ұйымдастыру жөніндегі БҰҰ Таяу Шығыс агенттігінің бас комиссары Филипп Лазарини осы жөнінде арнайы брифиң өткізіп, жағдайды баяндады. Оның айуынша, қаза тапқандардың 70 пайызға жуығы әйелдер мен балалар, ал үш аптаның ішінде 3195 бала қаза тапқан. Бұл ақпаратты Save The Children ұйымы да растады.
Алайда бұл ақпарат - кликбейт. Көптеген қазақстандық медиа "Газадағы балалар саны әлемде өлтірілген балалар санынан асып түседі" деп тақырып қойып, ақпаратты бұрмалаған. Сондай-ақ, мәтіннің ішінде "2019 жылдан бергі дүниежүзіндегі қарулы қақтығыстар кезінде көз жұмған балалар санынан көп" деген сөйлем бар. Шын мәнінде олай емес, 2019 жылдан бері әлемде 12 193 бала қарулы қақтығыс салдарынан қаза болған (2019 жылы - 4019, 2020 жылы - 2674, 2021 жылы - 2515, 2022 жылы - 2985 бала). Демек, Газада қаза болған бала саны 4 есе аз. Ақпарат осы тұста бұрмаланған.
Палестина-Израил арасындағы қақтығыс 7 қазандағы ХАМАС-тың Газа секторының аумағынан Израилге жаппай ракеталық шабуыл жасауымен басталды. Израил әскери күштері Газа өлкесіне жаппай әуе шабуылдарымен жауап қайтарды. Қақтығыс салдарынан Палестинада 8,5 мың адам, Израилде 1,4 мың адам қаза болған. Save The Children ұйымының дерегінше, әлемде әрбір алтынша бала қақтығыс аймағында өмір сүреді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестина-Израил арасындағы қақтығысқа байланысты оныншы арнайы төтенше сессиясын өткізді.