Петропавлда ер адам қызын терезеден лақтырып жібермек болған
Петропавлда отбасылық жанжал кезінде жаңа туған баласын терезеден лақтырмақ болған ер адамның қалай жазаланатыны белгілі болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
20 қыркүйекте сағат 17.00 шамасында сотталушы Ш. өз үйінде мас күйінде болғаны, бесінші қабаттағы пәтер терезесінен жаңа туған нәрестені лақтыратынын айтып қорқытқаны анықталды.
Оған ер адамның бірге тұрып жатқан әйелмен арадағы жанжал себеп болған. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар жетіп, нәрестені терезеден лақытармын деп қорқытқан Ш-ның әрекетінің алдын алды.
Прокурор сотталушыға 120 сағат қоғамдық жұмысқа жегу түрінде жаза сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан.
"Петропавл қалалық соты Ш.-ға ҚР ҚК 115-бабының санкциясы бойынша ең жоғарғы жазаны белгіледі. Ер адам 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай-ақ зардап шеккендер қорына 5 АЕК мөлшерінде өтемақы өндіріліп алынды", - делінген сот қаулысында.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда ер адам өз қызын терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқаны хабарланған болатын.
20 қыркүйек сағат 17:49 шамасында Петропавл полиция басқармасыеа Маяковский 93 мекенжайында орналасқан жатақхананың 5-қабатындағы бөлмеде төбелес болып жатқаны туралы хабар жеткен.
Полицейлер оқиға орнына барып, бөлменің ішінде есікті құлыптап алған және нәрестені терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан ер адам бар екенін анықтады.
Жатақхананың жанына учаскелік полиция инспекторлары, төтенше жағдайлар департаментінің, медицина қызметкерлері келді. ТЖД қызметкері өзін шатырға байлап, терезе арқылы ішке кірді. Ер адамды еденге құлатып, есікті ашқан соң ішке СҚО ПД ЖҚАЖ қызметкерлері кіріп, бөлменің иесін қолға түсірді.