«Мүлдем өзімнің жеке пәтерім жоқ»: Жаңаөзен әкімі жағдайын айтты
Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов айлығы мен көлігі туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұл туралы ол "Обожаю" Youtube-арнасында Асхат Ниязовқа берген сұхбатында айтты. Әкімнің айтуынша, ол жұмыста мемлекеттен бөлінген "Land cruiser 200" маркалы көлігімен жүреді.
"Ақтауда "Жигулидің" соңғы үлгісінде шыққан көлігім бар. Балаларым мінеді. Онымен жүрмеймін. Ал жұмыста мемлекеттен берілген көлікпен жүремін. Бұл көлікпен маған дейін бірнеше әкім пайдаланған", - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, қала әкімі әлі күнге дейін жеке пәтері жоқ екенін айтты.
"Айлығым - 700 мың. Мүлдем өзімнің жеке пәтерім жоқ. Мемлекеттік қызметкерлерге беретін пәтерде тұрамын. Егер үй берілмесе, жалдап тұрамын. Қандай айырмашылығы бар?", - деді Айбек Қосуақов.