Полицейлер заңсыз балық аулаған тұрғынды ұстады
Келес ауданы аумағындағы өзен-суларда табиғат байлықтарын қорғау бағытында жүргізілген шаралар нәтижесінде, полиция қызметкерлері заңсыз балық аулау дерегін анықтады. Белгілі болғандай, Сырдария өзені жағасында жергілікті тұрғын ау-торын пайдаланып, заңсыз балық аулап отырған. Ұсталған ер адамнан айғақты зат ретінде 1 дана мотор, 100 және 120 метрлік 2 тор, 60 дана заңсыз ауланған балық тәркіленіп алынды. Балықтардың жалпы салмағы 70 келіден асады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335 бабымен "Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" тіркеліп, қылмыстық іс енгізіліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Табиғатқа залал келтірген тұрғын полицияға жеткізілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулап, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоюдың соңы заң аясында жауапқа тартылуға әкеліп соғатынын ескертеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі