Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Астаналық дәрігерлер денсаулығында еш кінәраты жоқ деген 43 жастағы Руслан Рышқов ауруханада көз жұмған. Марқұмның әйелінің айтуынша, жедел жәрдеммен дереу жеткізілген азамат қабылдау бөлімінде қансырап, алты сағат бойы қараусыз жатқан, - деп хабарлайды "Информбюро".
Жанақайын жеткізген келіншек бұл жағдайға қалалық фтизиопульмонология орталығының дәрігерлерін айыптап отыр. Енді ісіне салғырт қараған мамандарды әйел сотқа бермек.
43 жастағы азамат 20 ақпанда елордадағы қалалық фтизиопульмонология орталығына жедел жәрдеммен дереу жеткізіледі. 8 жылдан бері демікпемен ауыратын Русланның бұл жолғы жағдайы аса ауыр болғанымен қабылдау бөліміндегі ақ халаттылар науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартты дейді жұбайы. Дерті жанына батып жатса да азамат аурханадағы басынан өткерген бар сорақылықты ватсап желісі арқылы әйеліне айтып кеткен екен.
– Егер саған менің телефонымды сындырып берсе, сен сенбе деді. Мен өлейін деп жатырмын, мыналар мені қарап жатқан жоқ деді. Мен жалғыз өзім приемныйда қиналып жатырмын. Ол сонда азанға дейін приемныйда қиналып жатқан. Таңғы сағат жеті жарымда медсестра тағы звондады. «Күйеуіңізді алып кетесіз бе, жоқ па? Не болды нет никаких показаний» деп, - дейді марқұм Руслан Рышқовтың әйелі Айзада Құлмұратова.
«О баста жолдасыңыз ауруханаға жататындай денсаулығында кінәрат жоқ деген дәрігерлер тура екі сағаттан соң маған тағы қоңырау шалып күйеуімнің қайтыс болғанын айтты» дейді Айзада.
Тек «Бағана ғана сау деп едіңіздер» ғой деп әйелдің жанайқайы шыққанда ғана ақ халаттылар тромб жарылып кеткенін айтқан екен. Біз де бұл орталыққа барып мәселенің мән-жайын білмек болдық. Камераға жауап беруден бас тартқан дәрігер марқұмның әйелінің сөзін растады.
Аурухана ұжымы бұл қайғылы оқиға бойынша тек бас дәрігер жауап бере алады деп еді. Алайда бір жарым сағаттан кейін ғана төбе көрсеткен Анна Цепке құпия жағдайда көз жұмған науқас бойынша жарытып ештеңе айта алмады. Тек марқұмның әйелі құзырлы органдарға шағымданған жағдайда ресми жауап болады деп қысқа қайырды.
– Біз көрсеткен медициналық қызметтің сапасын анықтау үшін арнайы органдарға азаматша жүгінсін. Біздің жұмысымызға көңілі толмайтындай күдігі болса сот-медициналық экспертиза тағайындасын, - дейді Астана қалалық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Анна Цепке.
Небәрі екі апта бұрын ғана 23 жыл отасқан жан жарынан айырылып жесір қалған келіншек қазір бар-ойы жиған-тергенін жинап отағасының қырқын өткізу. Себебі қолқаны қабатын жағымсыз иісті мына жалдамалы баракта олар өлместің күнін кешкен. Одан кейінгі мәселе, артынан қалған жалғыз тұяқ ұлы екеуі Русланның өліміне кінәлілерді анықтау дейді марқұмның әйелі.