Ordabasy: Ерлікке тағзым

Oinet.kz 17-02-2023 313

Screenshot_3.jpg

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 34 жыл. Атаулы күнге орай аудан орталығындағы саябақта ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан азаматтарды еске алу, ескерткішке гүл шоқтарын қою шарасы өтті. 

Шарада аудан әкімі Нурбек Бадыраков сөз сөйлеп, тілегін жеткізді.

Құрметті ауған соғысының ардагерлері!

Қадірлі ағалар!

Бүгін кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр. 

Дәл осы күні, яғни 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққан күні. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдарды еске салады.

Бұл күн қатардағы күннің бірі емес. Тарихи күн! Тағдырлы күн!

Жасыратыны жоқ, ауған соғысы жадымызда қайғы болып қатталып, қасірет болып жатталып қалды. Өйткені, мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды.

Құрметті ағалар! Өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз деп білеміз!

Сіздердің ерліктеріңіз Тәуелсіз еліміздің жастарын отан сүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек артық айтқандық емес! Сондай-ақ Сіздердің ерліктеріңіз патриотизмнің белгісі!

Ауған соғысы ардагерлерін ҰОС ардагерлерініңіз басары деуге болады. Сондықтан болар, ерлік өшпесін деген мақсатта Сіздер ҰОС ардагерлерімен теңестірілдіңіздер. Түрлі мемлекеттік қолдауларға ие болдыңыздар. Одан бөлек Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде жұмыс жасап келе жатқан ұйымдарыңыз бар. Осының барлығы Сіздердің ерліктеріңізге деген үлкен құрмет деп білемін!

Ауған соғысына қазақ жерінен 22 мыңнан астам азамат аттанса, 900-ден астамы жау қолынан қаза тапты.

Ордабасы ауданынан ауған жеріне 100-ден астам азамат аттанған болса, қазір ауданда 73 ауған соғысының ардагері тұрып жатыр. 

Ерлікпен жауды жеңгендерге, жау қолынан қаза тапқан ауған соғысының ардагерлеріне аудан орталығындағы саябақта 2018 жылы арнайы ескерткіш ашылды. Сондай-ақ әрбір ардагерге жыл сайын  120 700 теңге мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. 

Құрметті аға буын!

Сіздердің ерліктеріңіз жадымызда мәңгі сақталады!

Сіздерге шын жүректен бастарыңызға байлық, жанұяларыңызға амандық тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болсын!

Абыройларыңыз асқақтай берсін!

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында ауыз су сапасын мониторингілеудің нәтижелері
Ұлым Теодорда 6 ұлттың қаны бар - Мақпал Исабекова
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу