Ел өткенін ұмытпайды
Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Президент қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын айтты. Бұл оқиға бәріміз үшін сабақ болғанын атап өтті.
«Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Әр түстің өзіндік мән-мағынасы бар. Сондай-ақ, мемориалда халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған. Мұнда кемеңгерлеріміздің жақсы сөздері алынған. Бұл ескерткіш алаңын біздің ең қасиетті орнымыз деп есептеуіміз керек. Жас ұрпақ біздің ұлыларымыздың, қасиетті адамдарымыздың, ақындарымыздың ең жақсы сөздерін оқу арқылы ертең өздеріне сабақ алуы тиіс.
Ескерткішті орнату үшін 20-дан астам жоба ұсынылған. Олардың ішінен қазақстандық жас сәулетші Алексей Ивженко бастаған топтың жұмысы таңдалды. «Мемориалда еңсеру, тұрақтылық пен дамуға ұмтылу идеясы жатыр.Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориал орнату үшін арнайы конкурс жарияланған еді. 8 адам болып бірнеше ай бойы тынымсыз еңбек еттік. Шынымды айтсам, қобалжыдым. Мойнымызға артылған жауапкершілікті сезіндім. Жұмысымыздың нәтижесі халықтың көңілінен шықты деп үміттенемін», - дейді сәулетші.
Мемориал қала әкімдігі ғимаратының жанындағы саябақта орналасқан. Мемлекет басшысы стеллаға гүл шоғын қойған соң, қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады.
- Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, - деді Президент.
Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.
- Бір сөзбен айтқанда, біз ұлт болып осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау органдары және арнаулы құрылымдар ауқымды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды, - деді Мемлекет басшысы.
Қорыта айтқанда, ең бастысы – еліміздің егемендігі! Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ.
Қаңтардың қасіретті оқиғасы ұмытылмақ емес. Сол оқиғада жазықсыз құрбан болған, жазықсыз оққа ұшып кеткен, жазықсыз жазым болған жастарды біз ешқашан да естен шығармауымыз керек.
Бекжан АЙТҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты