Облыс әкімінің 100 күні: жұмыс пен жоспар
Құрметті жерлестер! Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының Түркістан облысының әкімі болып тағайындалғанына міне 100 күн толды. Барлығымыз білетін мемлекеттік қызметте бір жазылмаған заңдылық бар. Жаңа басшы тағайындалғаннан кейін көпшілік көп ұзамай-ақ оның жұмысына баға беріп жатады. Өйткені, кез келген басшы қызметіне кіріскеннен соң қай істің де дамыту стратегиясын айқындап, нақты шешімдер қабылдап үлгеруі тиіс.
Әрине, қысқа уақыттық межемен елдік міндет-мұраттар бітпейді. Дегенмен, осы аралықта қолынан іс келетін адам біршама мәселенің түйінін тарқата алады деп ойлаймын. Осы орайда, Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының өңір басшысы ретінде осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарғанымен бөліскім келіп отыр.
Жалпы, Дархан Амангелдіұлы осы Түркістан өңірінің тумасы, тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жетік біледі. Сол себепті де өңірді басқаруға лайықты кандидат ретінде Мемлекет Басшысы ұсынып, халық қалаулылары көпшілік дауыспен бұл ұсынысқа келісімдерін берді.
Өңір басшысы Д.Сатыбалды жаңа қызметте бірден облыс әкімдігі аппараты қызметкерлерінің жұмыс орындарымен танысып, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерін және басқаларды қабылдап, өңірдегі жалпы жағдайдан хабардар болды.
Сонымен қатар, ол облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болып, мердігерлер мен жауаптыларға тапсырмалар беріп, әрбір құрылыстың сапалы жүргізілуі мен уақтылы пайдалануға берілуі қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Облыс әкімі өз қызметіне кіріскен қысқа уақыт аралығында өңірдің барлық аудан, қалаларын аралап қайтты. Онда жергілікті жұртшылықпен жолығып, аудан, қалалардың жағдайын өз көзімен көріп, халықты толғандыратын мәселелерді жылдам шешу жөнінде атқарылатын іс-шаралар кешенін айқындады.
Дархан Амангелдіұлы әр ауданға барған сапарында сол аймақтағы түрлі нысандарды аралап, қарапайым жұмысшылармен, диқандармен, түрлі сала қызметкерлерімен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді анықтап, өз бақылауына алды.
Одан бөлек, өңірімізге инвестиция тарту жұмысына белсене кірісіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді деп айтуға болады.
Статистикалық деректерге сәйкес, үстіміздегі жылғы қыркүйек және қазан айларында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 173,8 млрд. теңгені құрады. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы қыркүйек және қазан айларында салалар бөлінісінде құйылған инвестициялардың ең үлкен үлесі өнеркәсіп саласына 49,5 млрд. теңге, жылжымайтын мүліктер операцияларына 30,6 млрд. теңге, туризм саласына 12,1 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы саласына 23,6 млрд. теңге және көлік және жинақтау саласына 15,2 млрд. теңге құйылды.
Әсіресе, бауырлас Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен жұмыс жасау, инвестиция тарту мақсатында жемісті кездесулер өткізілді. Бұл кездесулер барысында тараптар алдағы уақытта мәдени-танымдық, іскерлік байланыстарды жандандыруға уағдаласты.
Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жемісті жүзеге асырылып жатыр деп айтуға толықтай негіз бар деп ойлаймын.
Сонымен қатар, соңғы екі айда облыс тұрғындарын сапалы жолмен, табиғи газбен, ауыз сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылды.
Атап айтатын болсам, қазан, қараша айларында Сауран ауданындағы Қазақстанның XXX жылдығы, Бершінтөбе, Шаға, Шоқтас, Ибата,Ойық елді мекендердегі 19 156 тұрғын, Арыс қаласындағы 6 500 тұрғын, Кентау қаласындағы 10 көпқабатты тұрғын үйдегі 5 800 тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданы, Әлімтау елді мекенінде ауыз су жүйелері нысанының құрылысы қазан айында аяқталып, нәтижесінде 1149 тұрғын ауыз сумен қамтылды.
Одан бөлек, Қазығұрт ауданы, Еңбек, Қыдыр Мамбетұлы, Қызылсеңгір Ынталы, Қақпақ елді мекендерінде 10/0,4 кВ электр желілерін салу құрылысы жүргізіліп, қазан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 5 елді мекендегі 2685 тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылды.
Облыс халқын мазалайтын сапалы жол, мектеп және балабақша мәселелері де облыс әкімінің назарынан тыс қалмай, бүгінде аудан, қалалардағы жолдардың 95%-ын жөндеуге, сондай-ақ, құрылысы басталып, қаржының бөлінбеуіне байланысты аяқсыз қалған мектеп пен балабақшалардың құрылысын жалғастыруға қаржы бөлу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл тұста, өңір басшысы тарапынан мектеп және балабақша қызметкерлері айлығының уақтылы төленуі де қатаң бақылауға алынды.
Баршаңыз білетіндей, цифрландыру саласын дамыту елімізде жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық бағыттардың бірі болып саналады. Бұл жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру ісі елде тұрған басты мақсат екенін қадап айтқан болатын.
Осы орайда Түркістан облысы да Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындауға білек сыбана кірісті.
Бүгінде облыс әкімдігі мен отандық танымал «Kcell» компаниясының арасында түзілген меморандум аясында Сарыағаш, Созақ, Сайрам, Сауран, Қазығұрт аудандарындағы шалғай орналасқан Қызылдала, Еңбекшідихан, Қожақорған, Еңбекші, Ақбұлақ, Зортөбе және Теке елді мекендеріне базалық станция орнатылды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіп отыр.
Одан бөлек, бизнес саласын дамыту бойынша да келелі істер қолға алынды. Облысымызда жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған «Әкім гранты» жобасы бойынша қолдау көрсетілетін азаматтардың саны артпақшы. Бұл бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды әсіресе, ауыл жастарын қолдауға басымдық беріп, қосымша қолдау тетіктерін қарастыруда.
Сондай-ақ, Оңтүстіктің негізгі драйвері - аграрлық саланы одан әрі дамыту, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру және өңделген өнімнің экспортын ұлғайту мақсатында өңір басшысы сала мамандарына «Түркістанда жасалған» брендін қалыптастыруды міндеттеді.
Осы орайда, өңірдегі кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында облыс әкімдігі мен «Даму» қоры бірлесе отырып, «Жібек Жолы Бизнес» бағдарламасын пысықтауда. Бұл бағдарлама бойынша шағын және орта бизнес өкілдеріне 25 млн. теңгеге дейін 5 жылға 1%-дық несие беру көзделген. Алдағы уақытта бұл бағдарлама қабылданған жағдайда өңірдегі кәсіпкерлік саласының дамуына айтарлықтай үлес қосатыны анық.
Жалпы, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қызметіндегі алғашқы үш ай өте белсенді, ешбір демалыссыз өтуде. Осы уақытта ол өзін халық үшін ашық және қолжетімді басшы екенін, қоғамдық пікірге құлақ асатын және халықтың сұраныстарына жауап беретін, халықпен тікелей байланысқа шығуға дайын бірден-бір сенімге лайықты тұлға екенін анық аңғартты.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басты назарға ала отырып, қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға ден қойды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тың бастамаларды қолға алып, оларды қарқынды іске асыруға көшті.
Әрине, 100 күнді өмір өлшемімен қарасаң – аз уақыт. Алайда басшының білігі де, мықтылығы да бірінші күннен байқалатыны белгілі. Сондықтан өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының жұмыс жасаған аз ғана уақыт жемісті әрі нәтижелі өтті деуге толық негіз бар.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бір сөзінде ««Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналды. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет. Себебі егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш. Осыны терең түсінуіміз керек» демекші, елімізді өркендету бір өңір басшысының міндеті деп қарамастан, жеке әрбіріміз тынымсыз еңбек етіп, туған өлкеміздің өркендеуіне қолдан келгенше үлесімізді қосу – перзенттік парыз!
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы
Қайрат Рахымұлы Балабиев