Биліктің бірден-бір бастауы - халық
Тәуелсіздік алғалы Қазақстан көптеген сайлауларды бастан өткерген. Осы саяси додаларда бір байқайтынымыз, халықтың сайлауға қатысу белсенділігі қаладан гөрі, ауылдық жерде жоғарырақ.
Неге? Көзбояушылық жасайды дейсіз бе? Жоқ, ауылдағы халық сайлау күні таңертеңнен бастап сайлау учаскесіне қарай ағылады. Тіпті кезекке тұрып өз таңдауларын жасайтынын талай сайлауға бақылаушы болған, қатысқан мына біздер куәміз. Мәселе басқада ғой.
Заң бойынша сайлауға қатысу, қатыспауға қатысты жүктелген ешқандай міндеттеме жоқ. Бірақ қайталап айтайық, бұл заң тұрғысынан. Бірақ әр азаматтың қоғам алдында, мемлекет алдындағы жауапкершілігін ысырып тастауға болмайды ғой. «Әй, қоя берші, мен барып дауыс бермесем де, бәрі шешіліп қойған ғой» деген сөзді де талай естіп жүрміз. Бірақ осындай бойкүйездікпен жаңа қоғамды орната аламыз ба? Жаңару дегеніңіз алдымен осындай ескі таным-түсінікті өзгертуден басталады емес пе?!
Қазақстанда биліктің бірден-бір бастауы - халық. Әр адамның таңдауы, әр адамның дауысы маңызды деген түсінік қана азаматтық қоғамға бастайды. Яғни, мемлекеттің, «Жаңа Қазақстанның» келешек тағдыры мына сіз бен біздің, әрқайсымыздың қолымызда. Сондықтан 20 қарашада өтетін Президент сайлауына бір кісідей қатысуға шақырамын. Бұл жолғы саяси науқанның жөні бөлек деп ойлаймын!
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Түркістан облысы мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы